• Басты
  • Н. Назарбаев Сауд Арабиясының кәсіпкерлерін ҚР-ның индустрияландыру жобаларына қатысуға шақырды
25 Қазан, 2016 16:39

Н. Назарбаев Сауд Арабиясының кәсіпкерлерін ҚР-ның индустрияландыру жобаларына қатысуға шақырды

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігінің іскер топтар өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Н. Назарбаев Сауд Арабиясының кәсіпкерлерін ҚР-ның индустрияландыру жобаларына қатысуға шақырды

Кездесуге Сауд Арабиясының  әлемдік деңгейде жұмыс жүргізетін жетекші компанияларының басшылары қатысты.  Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы біздің елдің Таяу Шығыс аумағындағы негізгі серіктесінің бірі екенін айтты.

«Екі ел арасындағы 2015 жылы 16,3 млрд долларға жеткен тауар айналымы көлемін бүгінде айтарлықтай арттыруға мүмкіндік бар. Қазірдің өзінде Корольдік компанияларының қатысуымен Қазақстанда 17 ұйым жұмыс жүргізуде», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі елдің экономикалық ынтымақтастығының перспективалы бағыттарын да атап өтті. Олардың арасында тау-кен металлургиясы кешені, мұнай химиясы, ауыл шаруашылығы, қаржы және ислам банкингі, атом өнеркәсібі бар. 

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Сауд Арабиясы сияқты Қазақстанның да табиғи ресурстарға бай екеніне назар аударды.

«Соған қарамастан біз экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформаларды іске асырудамыз. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – әлемнің ең озық 30 елінің қатарына қосылу. Бұл мақсатқа жетудің негізгі жолы елдегі кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске барынша жеңілдіктер қарастырып, инвестиция тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау», – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев іскерлік және инвестициялық ортаны жақсарту үшін Қазақстанда қолға алынып жатқан жүйелі шараларға тоқталды.  

«Дүниежүзілік банктің «Бизнеспен айналысу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 41-ші орынға ие болды. Бизнес үшін әкімшілік кедергілер мейлінше азайтылды. Қазір бізде 10 арнайы экономикалық аймақ құрылып, онда либералды салық режімі қолданыла отырып жұмыс жүргізілуде», – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Сауд Арабиясы кәсіпкерлерін индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырды.

«Өз кезегінде Қазақстан жан-жақты қолдау көрсетуге дайын. Мәселен, инвестор корпоративтік табыстан және жер салығынан 10 жылға, мүлік салығынан 8 жылға босатылады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазір республикада ірі мемлекеттік нысандарды жекешелендіру науқаны жүргізіліп жатқанын айтты.

«Жалпы құны 10 миллиард доллар болатын 800-дей мемлекеттік кәсіпорын бәсекелестік ортаға шығарылды. Тізімге мемлекеттің үлесі бар тау-кен металлургиясы, мұнай өңдеу, энергетика, көлік және байланыс саласындағы кәсіпорындар, инфрақұрылым нысандары енгізілген. Сауд Арабиясы компанияларының осы жекешелендіру шарасына қатысуын қолдаймыз», – деді Қазақстан Президенті.

Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысына және келер жылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы бойынша өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесіне тоқталды.

Сауд Арабиясы бизнес құрылымдарының жетекшілері Қазақстанда жасалып жатқан қолайлы инвестициялық жағдай үшін Мемлекет басшысына алғыс білдіріп, ынтымақтастықты дамытуға дайын екендіктерін жеткізді. Атап айтқанда, олар ауыл шаруашылығы, мұнай өңдеу, металлургия және атом энергетикасы салаларына қызығушылық танытты. 

Соңында Қазақстан Президенті өзара тиімді серіктестіктің жаңа мүмкіндіктері жасала беретінін және оның перспективасына сенімді екенін айтып, Сауд Арабиясы бизнесінің «капитандарына» табыс тіледі. 

ҰСЫНЫЛАДЫ
Барлық жаңалықтар
дерекнама 2050

ШОБ ЖІӨ көлемінің 50 пайызынан артығын өндіреді

Еңбек өнімділігі 126 мың долларға дейін көтеріледі 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды 100 пайыз мектепке дейінгі біліммен қамту

Қазақстан өз нарығын жаңа экологиялық стандарттарға сай келетін жанар-жағармаймен толықтай қамтамасыз етеді

Жалпы экспорт ішінде шикізат емес экспорттың көлемі екі есеге, 2040 жылы үш есеге артады

Әліпбиімізді латын қарпіне көшіру ісі басталады

Қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін меңгеруі тиіс

15 пайыз егістік алқаптарына суды үнемдеу технологиялары енгізіледі

Халықты ағын сумен қамту мәселесі шешіледі

Адам басына шаққандағы ЖІӨ көлемі 60 мың долларға көтеріледі

ҚР тұрғындарының үлесі халықтың 70 пайызын құрайды