Н.Назарбаев: ИДБ еліміздің экономикасын нығайтуға елеулі үлес қосты

25 Қазан, 2016 15:06
Елбасы Ислам даму банкінің президенті Бандар бен Мұхаммад Хаджармен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ислам даму банкі арасындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшысы еліміздің экономикасын нығайтуға және халқымыздың әл-ауқатын арттыруға Ислам даму банкі елеулі үлес қосқанын атап өтті.  

«Қазіргі таңда біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудамыз. Ислам даму банкі оның қызметіне атсалысатынына сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Әңгіме барысында банк пен Қазақстанның ортақ жобаларының жалпы құны 1,3 млрд доллардан асқаны атап өтілді. 2015 жылы Ислам даму банкі құны 665 млн доллар болатын 4 жобаны қабылдап алған. 

Бандар бен Мұхаммад Хаджар біздің республикамен табысты ынтымақтастық одан әрі жалғасып, банк Қазақстан экономикасын дамытуға бағытталған жобаларға қатыса береді деп үміттенетінін жеткізді.

 

Барлық жаңалықтар