• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н. Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті Күнімен құттықтағандарға алғыс білдірді

Н. Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті Күнімен құттықтағандарға алғыс білдірді

6 Желтоқсан, 2013 10:00
Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнін мерекелеуге орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына қазақстандық және шетелдік саяси және іскерлік топтардан, мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, кәсіпорындардың ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардан, жекелеген азаматтардан көптеген құттықтаулар келіп түсті. Мемлекет басшысы Назарбаев Назарбаев ҚР Тұңғыш Президенті Күнімен құттықтағандарға алғыс білдірді, деп Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысына ізгі тілектері мен құттықтау хаттарын  Қазақстанның әртүрлі кәсіпорындарының жұмысшылары  да жолдады. Олардың қатарында «Қазмырыш» компаниялар тобының мыңдаған ұжымы өз құттықтауында бүгінгі Қазақстан – тұрақтылық, қарқынды даму және жасампаздық секілді үш фактормен сипатталатынын атап өткен.

Оларға  Алматы локомотив пайдалану депосының ұжымы да қосылады.

Степногорскінің «Арыстан» құбыр зауытының жұмысшылары түбегейлі қайта жаңарулар мен жаңғыртулардың дәйекті саясаты, орнықты және үйлесімді экономиканы қамтамасыз ету жөніндегі ойластырылған жүйе бүкіл әлемде танымалдыққа ие болып отырғанына тоқталған. 

«Кәсіпорын ұжымы Қазақстанның заманауи өнеркәсіп өндірісін одан әрі дамытуға бағытталған жобаларға Сіздің Президент ретінде назар қойып және қолдау көрсетіп отырғаныңызды жоғары бағалайды», – делінген олардың хатында.

«KSP Steel» сауда үйі» ЖШС басшысы М.Әбиев өз хатында Мемлекет басшысы Қазақстан мен оның халқының игілігі жолында қажырлылықпен еңбек етіп жатқанын ерекше атап көрсеткен.

Ақмола облысындағы «Есіл-Агро» ЖШС бас директоры А.Исмағамбетов Мемлекет басшысының ұдайы көңіл бөліп отырғанының арқасында бүгінде агроөнеркәсіп саласы әлемдік талаптарға сай дамып келе жатқанын айтқан. Өз кезегінде Астанадан хат жолдаған «Biomarket.kz» ЖШС ұжымы республикада биоегіншаруашылығы мен биомалшаруашылығын дамыту үшін барлық күштерін салатынына сендірген. 

Сонымен қатар, Қазақстан кәсіподақтары федерациясының  ұжымы атынан оның төрағасы Ә. Құсайынов, Алматы қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтардың бірінің ұжымы атынан А. Шәкенов құттықтау жолдаған.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақ стратегиялық зерттеулер институты, Ғ.Сапарғалиев атындағы Мемлекет және құқық ғылыми-зерттеу институты ұжымдары атынан еліміздің ғылыми топтары Мемлекет басшысының жаңа, тәуелсіз Қазақстанды құрудағы, экономиканы және еліміздің халықаралық беделін нығайтудағы көпшілік мойындаған үлесін атап өткен.

Ізгі тілекке толы хаттар еліміздің білім беру мекемелерінен де келді.

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессорлары мен студенттері, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің ұжымы білім беру саласын мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталған.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұжымы жолдаған хатта Президенттің басшылығымен еліміз өркендеу мен жасампаздық жолын жүріп өткені баяндалған.

«Ол жеңіл болған жоқ, бірақ ол, егер еркін сайлауға және халықтың ерік-жігеріне сүйенетін болса, егер бабалардың рухани тәжірибесін ұмытпаса және инновациядан қаймықпаса, онда қандай жоғары нәтижелерге жетуге болатынын көрсетті», – деп жазады хат иелері.

М.Мақатаев атындағы №140 мектеп-гимназиясының мұғалімдері, сондай-ақ Алматы қаласының №116 «Бөбекжай» балабақшасының тәрбиешілері жолдаған хаттарында тәрбиеленушілерінің жетістіктері жөнінде айтқан. Сондай-ақ, хат иелері Мемлекет басшысына білім беру жүйесіне көңіл бөліп, оның қарқынды дамуына жағдай жасағаны үшін алғыстарын жеткізген. Педагогтар балалардың дамуы үшін пайдалы ресурсқа айналған «Балапан» балалар телеарнасын іске қосудың маңыздылығын айрықша атап өткен.

Өз хатында Қазақстан халқы ассамблеясының халықаралық медиа-форумына әлемнің 20 елінен келген қатысушылар Нұрсұлтан Назарбаевқа тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде тыныштық пен келісімнің сақталуын ілгерілетушілік қызметі үшін алғыстары мен құрметтерін білдірді. Олардың игі тілектеріне Ақмола облысының Қазақстан халқы ассамблеясының XVI сессиясына, «Жаңа Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бетбұрысты шешімі» өңірлік ғылыми-практикалық конференциясына қатысушылар, Оңтүстік Қазақстан облысының зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ Орал мен Ақтөбе архиепископы Антоний қосылып отыр.

«Жанашыр» халықаралық қайырымдылық қорының президенті Ж.Әпетова Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан тәуелсіздік жылдарында орасан нәтижеге жетті деп санайды.  

«Мәдениет, өнер мен ғылым тәрізді салалар мүлде жаңаша дамыды. Сонымен бірге, менің замандастарымның сана-сезімі, дүниетанымы және мінез-құлқы өзгеріп, жаңаша қалыптаса бастады», – делінген хатта. 

Семей қаласындағы «Көмек» мүгедектер қоғамдық бірлестігі өкілдерінің құттықтауында Мемлекет басшысының  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру үшін жағдай жасаудағы  рөлін атап көрсетілген.

Мемлекет басшысының Теміртауда жұмыс істеген үзеңгілестері А.Жүнісов, К.Омашев, Е.Тілеубаев, В.Никонов, Ж.Арысов, А.Асанов, В.Колбаса, Н.Вахитова, Т.Искаков та жүрекжарды тілектерін жолдаған. Олар өздеріне еңбексүйгіштіктің үлгісін көрсеткен Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болғаны үшін бойларын мақтаныш сезімі кернейтінін жазады.

Өз кезегінде Қарағандыдан еңбек ардагерлері С.Досмағамбетов пен З.Молдахметов Тәуелсіздік қарсаңындағы сайлауалды кезеңде Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен кездерін еске алады.

«Халық қатты алаңдады, әрі қарай не болады, қалай өмір сүреміз, республика тағдыры не болмақ? Осы кездесуде Сіз барлық сауалға толық жауап бердіңіз және бұдан әрі біз әлемдік өркениет жолымен алға жылжитынымызды,  Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде толық дами алатынын және өркендейтінін айттыңыз», – деп жазады еңбек ардагерлері.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Т.Нұрахунов, ақын әрі әнші И.Тасқара, Шымкенттен зейнеткер, тыл еңбеккері Б.Ботайұлы, Солтүстік Қазақстан облысының Талшық ауылының тұрғыны И.Ильясов, Ақмола облысынан Т.Барышникова, Алматыдан И.Хасенұлы, Қарағанды облысы Балқаш қаласының №7 мектеп-гимназиясының оқушылары өз құттықтауларын өлең жолдары арқылы білдірген. З.Көшімбаева өз хатында немересі Н.Көшімбаеваның өлеңін қоса салған, онда Тұңғыш Президенттің тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру мен дамытудағы рөлі туралы баяндалған.

Алматыдан Қазақстан халық әртісі, композитор Б.Жұманиязов, Марат пен Нағима Назарбаевтар, К.Бөлегенова, А.Айханова, А.Әкімұлы, Петропавлдан К.Әубәкірова, Талдықорғаннан Б.Төреханова, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласынан Х.Қалиева, Астанадан А.Ғабдуллина, Садуақас, Т.Сапарова, Айжан мен Әлия Айтхожиналар, Шымкенттен И.Оразбай, О.Көмекбаева, зейнеткер Б.Шүкірбекова, Оралдан Т.Құбашева, Б.Меңдіғалиқызы, Ақмола облысынан еңбек сіңірген қызметкер, зейнеткер Г.Нүркенова, К.Әбуова. т.б. жолдаған хаттарда Мемлекет басшысына зор денсаулық, сондай-ақ жауапты қызметіне мол табыс тілеген игі тілектер білдірілген.

Алматыдан жолдаған өз хатында Г.Светлова мен Л.Шабалина қазақстандықтарға көрсетілген қамқорлық үшін Мемлекет басшысына зор алғыстарын білдірген. Мұндай көңіл бөлудің бір мысалы ретінде олар Қазақстан мен Ресей арасында қол қойылған XXI ғасырдағы тату көршілестік пен одақтастық туралы тарихи шартты атаған.

Құттықтаулар жолдаған қазақстандықтар арасында Астана тұрғыны, 1-сыныпты инженер-ұшқыш Н.Ахмуханов та бар. Ол хатында «Балалық шағымның аспаны» фильмін тамашалаудан алған өз әсерін бөліскен.

«Ең алдымен, туған ауылына,  әке шаңырағына деген ерекше сүйіспеншілік, ұшқан ұя мектебіне, балалық шақтағы достарына деген адалдық шынайы танытылғандықтан, фильм тамаша болды. Ең бастысы, бұл фильм әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының және әсіресе жастардың жүрегінен өз орнын тапты», – деп жазады Н.Ахмуханов.  

Құттықтау хаттары мен жеделхаттар орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшыларынан, Парламент депутаттарынан да келді.  

Келіп түскен құттықтаулармен танысып шыққан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев хаттар мен жеделхаттар жолдаған барлық авторларға құттықтаулары мен игі тілектері үшін алғысын білдірді.     

 
 
 
 

Барлық жаңалықтар