• Басты
  • Партия комиссиялары «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудағы негізгі мәселелерді талқылады
20 Қазан, 2016 18:23

Партия комиссиялары «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудағы негізгі мәселелерді талқылады

«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысына арналған, партия төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммедтің қатысуымен өткен «Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген жиналысы барысында депутаттар «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудағы бірқатар проблемалар мен бұзушылықтар туралы сөз қозғады.
Партия комиссиялары «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудағы негізгі мәселелерді талқылады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың орындалуының тұрақты мониторингін жүргізеді, солардың ішінде «Нұрлы жол» бағдарламасына ерекше көңіл бөлінеді. Бағдарламаның іске асырылуы ел экономикасына және халықты жұмыспен қамту мәселелеріне едәуір ықпал етеді. Жиналыс барысында «Нұрлы жол» бағдарламасының партиялық мониторингінің аралық нәтижелері айтылды.   

Отырыс барысында партия комиссиялары «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асырудағы бірқатар проблемаларды анықтағаны белгілі болды. Депутат Омархан Өксікбаев қаржылай көмекті алып, бюджетке салық төлемеген кәсіпкерлерге несие беру фактілері тіркелгенін хабарлады. 

«Мұндай 55 жағдайдың орын алғаны белгілі, төлемеу себептері  ретінде компаниялардың қаржылық қиындықтары, ағымдағы қызметтерінің тоқтатылуы көрсетілген. Яғни көмек жұмыс істеу қабілеті жоқ кәсіпорындарға көрсетілген», - деп атап өтті ол.

Депутат Берік Оспанов ТКШ жаңғырту проблемасын көтерді. Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2016 және 2017 жылдар ішінде 1182 шақырым коммуналдық желі салу жоспарланған. Оның 170 шақырымы - осы жылы, ал 1000-нан астам шақырымы - келесі жылы. Парламент мүшелері құрылысшылардың мұндай үлкен жұмыс көлемін белгіленген мерзімінде орындай алатынына күмәнданды.     

Депутат Нұртай Сабильянов партия комиссиясы 8 млрд 900 млн теңге сомасына жеңілдікті несиелердің нысаналы пайдаланылмауы бойынша күрделі бұзушылықтарды анықтағаны туралы ақпарат берді, ал мәжіліс депутаты Серік Құсайынов «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағындағы жағдай туралы айтты, оның құны  83 млрд теңгеден асады, бірақ 17 аяқталмаған жоба орын алады, үш негізгі объектінің тек біреуі ғана жұмыс істейді. 

Фракцияның кеңейтілген жиналысында автомобиль магистральдарын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Жолдарға «Нұрлы жол» бағдарламасы бюджетінің жартысына жуығы (2 трлн 400 млрд теңге) бағытталған.  

Сонымен бірге, «Орталық-Оңтүстік» жобасы шеңберінде «Астана-Теміртау» учаскесінде жоспарланған 171 шақырымның 12 шақырымы немесе 7%-ы ғана пайдалануға берілген. Осы учаскедегі жұмыстарды аяқтау үшін не бары 3 ай ғана қалған.

Сондай-ақ, жиналыс барысында білім беру, әлеуметтік инфрақұрылым, жалға және несиеге берілетін тұрғын үй құрылысы мәселелері де талқыланды.

Мұхтар Құл-Мұхаммед «Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген жиналысын қорытындылай келе, Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың өсуінің едәуір бәсеңдеуіне және жаһандық қаржы дағдарысына қарамастан, осы бірегей бағдарламаны іске асыруға едәуір қаражат бөліп жатқанын атап өтті. 

«Осы жоба партияның тұрақты мониторингінде болады. Әрбір теңге халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Мен барлық партия ұйымдарына және депутат-әріптестерге «Нұр Отан» атынан бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Бұл бағдарлама Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін ұмытпаған жөн», - деп қорытты «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Мәжіліс вице-спикері Гүлмира Исимбаева атап өткендей, фракция жиналысының қорытындылары бойынша «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысты жетілдіру үшін Үкіметтің, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің мекенжайларына ұсынымдармен қаулы қабылданды. 

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар