Душанбеде өтетін бизнес форумға 29 қазақстандық кәсіпорын қатысады (ФОТО)

21 Қазан, 2016 09:12
Душанбеде ҚР ИДМ «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігі Тәжікстан Республикасының Сауда-өнеркәсіптік палатасымен бірлесіп ұйымдастырған қазақстандық өндірушілердің сауда миссиясы өтуде.

Құрылыс, тамақ, химия, фармацевтика және машина жасау салаларындағы 29 отандық кәсіпорын Тәжікстанның көтерме сауда, дистрибьюторлық және құрылыс компанияларымен тауарлардың ықтимал жеткізілімі туралы келіссөздер өткізеді, деп хабарлады ұлттық агенттік.

Бүгінгі таңда бұл «KAZNEX INVEST» Душанбеде өткізіп жатқан алтыншы іс-шара. Өткен іс-шаралардың қорытындылары бойынша 75 компанияның қатысуымен 46 млн. АҚШ долларын құрайтын жалпы сомаға келісімшарттар жасалған.

Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сыртқы сауда айналымы 2015 жылы 580,4 млн. АҚШ долларын құраған, бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 17,1%-ға төмен. Қазақстаннан экспорт 2014 жылмен салыстырғанда 19,9%-ға қысқарып, 415,5 млн. АҚШ долларын құраған. Қазақстанның Тәжікстаннан импорты 8,9%-ға қысқарып, 164,9 млн. АҚШ долларын құраған.

Агенттік жыл соңына дейін сауда миссияларын өткізуді және Ресей Федерациясында, Монғолияда, БАӘ және Иранда отандық өндірушілердің өнімін ұсынуды жоспарлап отыр. 

Барлық жаңалықтар