• Басты
  • Жаңалықтар
  • Мемлекеттік қызметтегі конкурстан тыс тағайындаулар 25 есе қысқарған – Шаимова

Мемлекеттік қызметтегі конкурстан тыс тағайындаулар 25 есе қысқарған – Шаимова

20 Қазан, 2016 16:32
Мемлекеттік қызметте ауыстыру арқылы конкурстан тыс тағайындаулар 25 есе қысқарған, деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шаимова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының Мемлекеттік аппаратты жаңарту атты І бағытын іске асыру туралы баспасөз конференциясы барысында.

Брифинг барысында Айгүл Шаимова хабарлағандай, «100 нақты қадам» ұлт жоспарының мемлекеттік қызметті жаңартуға қатысты 15 қадамының 11-і орындалған. «Ағымдағы жылдан бастап Қазақстанда меритократия және ашық конкурстық іріктеу қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметтің мансаптық моделі жұмыс істей бастады. Бұл ауыстыру арқылы конкурстан тыс тағайындауларды 25 есе (5300-ден 226-ға дейін) қысқартуға мүмкіндік берді. Енді қызметшілер жоғарғы лауазымдарға конкурс арқылы және төменгі сатыда жұмыс тәжірибесі болған жағдайда ғана тағайындала алады», - деді спикер.

Оның айтуы бойынша, жыл басынан бері мемлекеттік қызметтің бастапқы сатысынан жұмысқа           5 215 азамат (орталық мемлекеттік органдарда – 1984, жергілікті атқарушы органдарда – 3231) кіріскен. Осы жылы мемлекеттік қызметке әр түрлі салалардан үш сатылы іріктеу жүйесінен өткен 1392 адам қабылданған.

«Іріктеу жүйесі заңнаманы білуге арналған тестілеуді, жеке қасиеттерін бағалауды және конкурс жариялаған мемлекеттік органда әңгімелесуден өтуді қамтиды. Бірінші екі кезең Агенттік жүйесінде орталықтандырылған, бұл оның мемлекеттік аппарат қалыптастырудағы рөлін күшейте түсті», - деп атап өтті А. Шаимова.

Бірінші кезеңге келетін болсақ, 2016 жылы заңдарды білуге арналған тестілерді 38 мың адам тапсырып, оның 46%-ы оң баға алған. Бұл көрсеткіш өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары (2015 жыл - 33,6%).

Жағдай бастапқы көрсеткішті қалыптастыру тәртібін қайта қарау есебінен жақсартылған. Егер бұрын балдар әр заң бойынша қойылған болса, қазір барлық заңдар бойынша ортақ балл қойылады.

Екінші кезең – жеке қасиеттерін бағалау. Бұл үміткерлердің жеке қасиеттері мен қабілеттерін, соның ішінде адамдармен жұмыс істей алуын, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін анықтауға бағытталған тест. Үшінші кезеңде 18,5 мың әңгімелесу өткізілген, олардан 12 мың адам өткен.

Осы ретте, спикердің айтуы бойынша, бірінші рет түскен және іріктеуден сәтті өткен адамдар үшін тәлімгердің бекітілуімен және бейімделу жоспарының құрылуымен 3 ай сынақ мерзімі белгіленген. Осы жылы мұндай сынақтан 2 273 адам өткен.

«Сондай-ақ, осы жылы бірінші рет «Б» корпусының қызметшілерін екі аралық бағалау өткізілген. Ол 64,5 мың мемлекеттік қызметші. Олардың қорытындылары бойынша «өте жақсы» деген бағаны - 10,8%, «тиімді» деген бағаны - 63,2%, «қанағаттанарлық» деген бағаны – 26% және «қанағаттанарлықсыз» деген бағаны 0,01 % алған.

Жыл сайынғы келісім басымдықтарын іске асыруға негізделген «А» корпусының қызметшілерін бағалау ағымдағы жылғы желтоқсанда күтілуде», - деді А.Шаимова.

 

Барлық жаңалықтар