ҚР Тәуелсіздік Күніне орай Мәскеуде салтанатты қабылдау өтті

6 Желтоқсан, 2013 09:15
ҚР Тәуелсіздік Күніне орай Мәскеуде салтанатты қабылдау өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

«Шараға Президент Әкімшілігі, Үкімет, Мемлекеттік Дума депутаттары мен Федералды Жиын Кеңесі Федерациясының өкілдері мен сыртқы саясат ведомствосы қызметкерлерлері жетекшілігі, РФ министрліктері мен мемлекеттік мекемелер қызметкерлері қатысты. Сонымен қатар, Қазақстанға деген құрметін білдірген дипломатиялық корпус, халықаралық, іскерлік және академиялық ұйымдар, БАҚ, қауымдастықтар, қазақ диаспорасы, ардагерлер, сонымен қатар Ресей Федерациясында білім алып жатқан қазақстандық студенттер де салтанатты шараның басы-қасында болды», - делінген хабарламада.

Өз сөзінде ҚР Елшісі Ғалым Оразбақов Қазақстанның 22 жыл ішіндегі сыртқы саясаттағы жетістіктеріне шолу жасай отырып, Қазақстанның алдынан ешқашан да өзінің ең басты одақтасын таңдау мәселесі шықпағанын айтты. Өйткені ол тарихи және географиялық жағдайларға байланысты қашаннан белгіленіп қойған. Көршілермен, соның ішінде Ресеймен достық қарым-қатынас біздің еліміздің сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі.

«Екі ел арасында достастық және стратегиялық әріптестік моделінің мықты іргетасы қаланған. Астана мен Мәскеу аталмыш кеңістіктегі экономикалық кірігудің басты негізі болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақты құру жолында жұмыс жасауда», - деді елші.

Шарада сөз алған РФ Сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасин екі ел арасындағы қарым-қатынастың уақыт өткен сайын жаңа деңгейге көтерілу үстінде екенін айта келіп, көрші елдердің экономикалық қатынасының бұдан да жақынырақ орнығуына барлық саяси жағдайлардың жасалғанын мәлімдеді.

Сонымен қатар, «Астана Опера» мен «Лайт-мюзик» камералық квартетінің үздік солистерінің өнер көрсетуі шараға ұлттық нақыш бере түсті. Сонымен қатар Павлодар мемлекеттік филормония ұжымы қазақ ұлттық өнерін паш ете отырып, салтанатты шараға өзіндік сән берді.

Ұлттық мерекеге орай елшілік Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктерінен сыр шертететін деректі фильм көрсетіп, Қазақстан мен Қазақстан-Ресей қатынасы жайлы мәліметтер мен кітаптар үлестірді.

Барлық жаңалықтар