СҚО-да жыл басынан бері құрылыс жұмыстарының қарқыны 6,5%-ға артты

17 Қазан, 2016 19:36
Солтүстiк Қазақстан облысының әкiмдiгiнде өңiр басшысы Ерiк Сұлтановтың төрағалығымен аппараттық кеңес өттi, деп хабарлады СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ең алдымен 2016 жылдың 9 айы бойынша өңiрдiң әлеуметтiк-экономикалық көрсеткiштерi қарастырылды.

«Тоғыз айдың көрсеткiшiне сай бiздiң облыс тұтынушылар бағаларының индексi бойынша республиканың 16 облысының арасында 2-орында, құрылыс көлемiнiң өсу қарқыны бойынша 4-орында», — деп атап өттi статистика департаментiнiң басшысы Марал Нұржауыпова.

Сондай-ақ жедел статистикалық ақпаратқа сүйенсек, қаңтар-қыркүйек айлары бойынша құрылыс жұмыстарының қарқыны 6,5%-ға, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өндiру 6%-ға артты. Мұнымен қоса ұн шығару 36,9%-ға, ұзақ уақыт сақталатын кондитерлiк өнiмдер — 20%-ға, сүт өнiмдерi 7,2%-ға, жануарларға арналған жем-азық өндiрiсi 3,7%-ға ұлғайған.

Облыс әкiмi Ерiк Сұлтанов оң өсiмдi сақтап, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн өңдеу жұмыстарының қарқынын арттыруды тапсырды.

Суармалы жерлердi қалпына келтiру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнiнде жер қатынастары басқармасының басшысы Есенгелдi Қарбаев баяндады.

Бүгiнгi таңда өңiрде 2717 гектар суармалы жер бар. 2018-2020 жылдар аралығында аудан әкiмдiктерiнде 27 944 гектар суармалы жердi кезең кезеңмен қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу жоспарланған.

«27 944 гектар суармалы жерлердi айналымға енгiзу келесi реттiлiк бойынша жүзеге асырылатын болады: 2017 жылы су шаруашылығы жүйесi мен гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтiру бойынша жобалық-сметалық құжат даярлап, 2018-2020 жылы аталған жобаларды жүзеге асыру қажет», — дедi Есенгелдi Қарбаев.

Аталған мәселе бойынша өңiр басшысы аудан әкiмдерiне жобаны жүзеге асыратын жерлердi таңдап, жобалық-сметалық құжаттарды даярлауды тапсырды.

Жастар саясаты саласында атқарылып жатқан жұмыстар жөнiнде Жастар саясаты мәселелерi басқармасының басшысының мiндетiн атқарушы Ирина Тухватулина баяндады. Аталған баяндамада облыс жастарын жұмысқа орналастырудың кешендi шаралары туралы ақпарат берiлдi.

«Жыл басынан берi жұмысқа орналасу мәселесiмен СҚО-ның «Жастар бастамалары орталығы» КММ-не 306 адам келсе, олардың 165-i жұмысқа орналасты. Аудан орталықтарына жыл басынан берi 169 өтiнiш келiп түссе, олардың 100-i жұмыспен қамтылды», — деп атап өттi Ирина Тухватулина.

«Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасына жыл басынан берi 29 жасқа дейiнгi 2 146 адам қатысқан.

Жиналыс соңында селекторлық байланыс режiмiнде аудан әкiмдерiнiң «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасының бюджетiн игеру бойынша ақпараттары тыңдалды.

 

Барлық жаңалықтар