• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан мен Мажарстан фармацевтикалық зауыт өндірісін кеңейту туралы меморандумға қол қойды

Қазақстан мен Мажарстан фармацевтикалық зауыт өндірісін кеңейту туралы меморандумға қол қойды

17 Қазан, 2016 14:23
Қазақстан мен Мажарстан 5 млн долларға Қарағандыда түпнұсқалық дәрілік препараттар шығару жөніндегі фармацевтикалық зауыт өндірісін кеңейту бойынша меморандум жасасты, деп хабарлады «Фитохимия» холдингі басқармасының төрағасы Серғазы Адекенов қазақстан-мажарстан бизнес форумы шеңберінде.

«Kaznex Invest» АҚ, «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингі» АҚ және «PannonPharma LTD» мажарстан компаниясы қазақстан-мажарстан бизнес форумы аясында Қарағанды қаласында өсімдік заттары негізінде түпнұсқалық дәрілік препараттар өндірісін ұйымдастыру және кеңейту туралы меморандумға қол қойды.

«Біз бүгінгі таңда дәрілік нысанның 2 млн-ға жуық ампуласын, 150 млн-ға жуық таблетка мен капсула, қатты дәрілік нысандар, түпнұсқалық дәрілік препараттар шығарамыз, бірақ халықаралық, атап айтқанда, PannonPharma LTD-мен ынтымақтастық жасау бойынша еуропалық нарыққа шығу Қарағанды қаласында экстракция бойынша қосымша учаске құрылысын талап етеді, қазір біз өндірісті кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бізде субстанция өндірісі болады, ал Еуропа үшін дайын өнім шығарылымы қаптамасын Мажарстандағы «PannonPharma LTD» компаниясы жүзеге асыратын болады. Біз сәуір айынан бастап бірлескен жұмыс бастап, оны келісімшарттық өндіріс бойынша одан әрі жалғастырдық», - деп хабарлады С. Адекенов.

Одан басқа, «арглобин» ісікке қарсы түпнұсқалық қазақстандық препараты да Қарағанды фармацевтикалық зауытында шығарылады, ал еуропалық нарық үшін дайын дәрілік нысандар шығару «PannonPharma LTD» зауытында жүзеге асырылады.

«Қазіргі кезде тәжірибелі партиялар шығарылып жатыр және жақын уақытта ол нарыққа шығу үшін бір жылға жуық уақыт алады деп ойлаймыз. Біз Қазақстаннан экспортқа жұмыс істейміз – бұл қазақстандық түпнұсқалық өнім», - деп атап өтті ол.

Сондай-ақ, елдер арасында «КТZ Ехргеss» АҚ мен «Rail Cargo Hungaria Zrt.» арасындағы халықаралық интермодальдық тасымалдарды дамыту туралы меморандумға, «АБЫЛАЙХАН» компаниялар тобы мен «Лакич» ЖШҚ машина жасау компаниясы арасындағы жел электр станцияларын өндіру және сату туралы келісімге, сондай-ақ, «ОЛИМП» клиникалық-диагностикалық зертханасы мен «77 Электроника» ЖШҚ арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылғанын атап өту қажет.

Еске сала кетейік, Астанада Қазақстан Республикасы мен Мажарстанның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығын жалғастыру мен нығайтуға бағытталған қазақстан-мажарстан бизнес форумы өтуде. Форум шеңберінде қазақстан және мажарстан кәсіпкерлері арасында дәстүрлі екіжақты кездесулер өткізіледі, онда экономиканың фармацевтика, медициналық жабдық, ауыл шаруашылығы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, логистика, АКТ және тағы басқа салаларындағы ынтымақтастық болашағын талқылау жоспарланып отыр.

Индира Қауметова

Барлық жаңалықтар