Словенияда Қазақстанның Құрметті консулдығы ашылды

17 Қазан, 2016 09:34
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау қарсаңында Марибор қаласында (Словения) Қазақстан Республикасының Құрметті консулдығының ашылуы өтті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, Қазақстанның Австрия мен Словениядағы Елшісі Қайрат Сарыбай Құрметті консул Горазд Шифрерге консулдық патент табыстап, оның елдер арасындағы байланыстарды нығайтуға едәуір үлес қосатынына сенім білдірді. Қазақстандық дипломат Словениямен екіжақты өзара іс-қимыл жасау болашағы туралы айтып, Қазақстанның әр түрлі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге қызығушылық білдіретінін атап өтті.

Словенияның СІМ Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азия департаментінің басшысы Андрея Пукарт Мартинец Қазақстанның Марибордағы Құрметті консулдығы мекемесінің ашылуымен құттықтап, өз елінің Қазақстанмен әріптестік қарым-қатынастарды тереңдетуге қызығушылық білдіретінін де атап өтті. 

Белгілі заңгер және қоғам қайраткері Г. Шифрер екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды нығайту үшін күш салуға дайын екенін білдірді.  

Одан басқа, СІМ хабарлағандай, Құрметті консулдықтың ашылуы аясында Марибор қаласындағы Университет кітапханасында қазақстандық суретшілердің сурет көрмесі және Еуропа елдерінің консерваторияларында білім алатын Қазақстанның жас музыканттарының өнер көрсетуі өтті.

Барлық жаңалықтар