• Басты
  • Каирде Абай ескерткіші ашылды (ФОТО)

Каирде Абай ескерткіші ашылды (ФОТО)

17 Қазан, 2016 08:49
Мысыр Араб Республикасының астанасында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ақпараты бойынша, мүсін Каирдің ең әдемі орталық саябақтарының бірі – «Еркіндік және достық» саябағында орнатылған.

Салтанатты рәсімде Қазақстанның Мысырдағы Елшісі әрі осы идеяның бастамашысы болған Берік Арын, Каир губернаторының орынбасары Мұхаммед Айман, сондай-ақ осы жобаның демеушісі және мүсіннің авторы сөз сөйледі.

Елші өз сөзінде Абайдың қазақ және әлемдік әдебиетке қосқан үлесіне тоқтала келіп, оның 150 жылдық мерейтойына орай ЮНЕСКО халықаралық ұйымының 1995 жылды «Әлемдегі Абай жылы» деп жариялауы ақын таланты мен еңбегінің әлемдік деңгейде мойындалуының нақты айғағы екендігін атап өтті. Қазақстанның Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ұлы ойшылға арналған ескерткіштің Елордамен бауырлас Каир қаласында қойылуы – екі ел халықтары арасындағы көпжылдық достықтың беріктігін дәлелдейді деді.

Өз тарапынан Каир губернаторының орынбасары Абай ескерткішінің Мысыр астанасының орталығында ашылуы – ол мегаполис үшін қазақ және мысыр халықтарының рухани-мәдени жақындығын білдіретін айтулы оқиға екенін атап өтті. Оның айтуынша, Каир губернаторлығы қазақ халқының ұлы перзентіне ескерткіш орнату жайындағы идеяны қуана қарсы алып, оны жүзеге асыруда барынша мүмкіндіктер жасады. Кейінірек сөз алғандар Абай шығармаларындағы гуманистік идеялардың өзектілігі бүгінгі күні арта түсетіндігін айтты.

Іс-шара соңында Мысырдағы қазақстандық студенттер Абай лирикалық өлеңдерін орындады. Сонымен қатар, қонақтарға араб тіліне аударылған Абайдың «Қара сөздері» мен  өлеңдер жинағы сыйға тартылды.

Аталған ескерткіштің авторы қолтумалары Каирден басқа Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан және Ташкент қалаларында орнатылған белгілі мысырлық скульптор Усама Әл-Серуи болғанын атап өту қажет.

1998 жылдан бері мысырлық көшелердің бірі Абай атымен аталады, ал Астананың орталық көшелерінің біріне мысырлық белгілі жазушы және әдебиеттанушы Таха Хусейннің есімі берілген. Бүгінде қазақтың ұлы ақыны әрі ағартушысы Абайдың ескерткіштері Мәскеу, Бейжің, Ташкент, Витебск, Тегеран, Ыстамбұл және Будапештте орнатылған.  

Барлық жаңалықтар