• Басты
  • Әлемнің 30 мемлекетінің өкілдері Астанадағы кітап көрмесінде бас қосады

Әлемнің 30 мемлекетінің өкілдері Астанадағы кітап көрмесінде бас қосады

15 Қазан, 2016 12:36
9-12 қараша аралығында өтетін «Eurasian Book Fair – 2016» Еуразия халықаралық көрме-жәрмеңкесі ТМД, Еуропа және Азияның 30-дан астам мемлекеті өкілдерінің басын қосады. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде өткен шараны ұйымдастырушы комитеттің отырысында Астана тарихындағы ең ірі кітап көрмесіне дайындық барысы талқыланды.

Еуразия кеңістігіндегі ең ірі мәдени-ағартушылық шара болып табылатын «Eurasian Book Fair – 2016» Еуразия халықаралық көрме-жәрмеңкесі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай ұйымдастырылады. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтетін көрменің ұйымдастырушысы – «Фолиант» баспасы.

Іс-шара ірі ағартушылық алаңда ТМД, Еуропа мен Азия мемлекеттерінің баспа, кітап саудасы, ғылыми-ағартушылық және полиграфия компаниялардың басын қосады. Оқырмандар мен сатып алушыларға жақын және алыс шет мемлекеттердің кітап шығару және полиграфия саласындағы жетекші баспа үйлерінің заманауи кітап өнімдерінің ассортименті және жаңа технологиялары ұсынылатын болады.  

«Eurasian Book Fair – 2016» Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі дирекциясы директорының орынбасары Раушан Тұрлынова іс-шараның негізгі тақырыбы еуразияшылдық идеясы болатындығын хабарлады:

«Қазақстан Республикасының Президенті айтып кеткендей, еуразияшылдық – мәдени және ұлттық біртектілік сақталғандағы әлеуметтік жаңғырту мен экономикалық даму болып табылады. Сондықтан алдағы уақытта болатын жәрмеңкенің кілт тақырыбы ретінде еуразияшылдық идеясы таңдап алынды».

Көрме шеңберінде кең мәдени бағдарлама жүзеге асырылатын болады. Шара ұйымдастырушыларының ақпаратына қарағанда, көрме-жәрмеңке жұмыс істейтін күндердің әрқайсысының әр сағатында түрлі мәдени-сауық, ғылыми шаралар өткізіледі. Бұндай шаралардың қатарына ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тұсаукесерлер, дөңгелек үстелдер, танымал мәдениет қайраткерлері, жазушылар мен ақындар, соның ішінде әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының иегерлерімен кездесу, форумдар, байқаулар мен викториналар кіреді.

Көрмеде іскерлік сұхбаттар да орын алады деп күтілуде. Іс-шара барысында ресми тұлғалар, баспа үйлерінің, кітап саудасы ұйымдарының басшылары, халықаралық сарапшылар, танымал жазушылар мен ақындар, баспа жобаларын қолдайтын ұйымдар мен қорлардың, кітапхана, білім беру және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері сала дамуының өзекті мәселелерін талқылап, мемлекеттік, қоғамдық және және кәсіпкерлік құрылымдардың рухани-өнегелі ағартушылық, білім және мәдениет саласында халықаралық мәдени, іскерлік байланыстарын жүзеге асыруға барлық жағдай жасалады.

Еуразия кітап көрме-жәрмеңкесіне дайындық барысы туралы кеңеске ҚР Мәдениет және спорт министрлігнің Жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, «Нұр Отан» партиясы төрағасы бірінші орынбасарының кеңесшісі Әлия Ғалымова, «Eurasian Book Fair – 2016» Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі дирекциясының басшылығы, Астана қаласының әкімдігі, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі, астаналық жоғары оқу орындарының өкілдері және т.б. қатысты.

 

Барлық жаңалықтар