Бас прокурор үлескерлерді қорғау бойынша жаңа әдістерді түсіндірді

13 Қазан, 2016 18:31
Бас прокурор Жақып Асанов Бас прокуратураның алқа мәжілісінде үлескерлерді қорғау бойынша жаңа әдістерді түсіндірді.

2016 жылдың 10 қазанында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа Заң қабылданды. Енді құрылыс салушы компаниялар үлескерлердің қаражатын екі жағдайда ғана тартуға құқылы: Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорымен келісім-шарттың немесе әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда.

«Әкімдік қандай жағдайда рұқсат береді? Егер де құрылысқа банк қатысса немесе үйдің қабрғасы толық көтерілген жағдайда. Заңның мақсаты – алаяқтардың барлық «сол кестесін» әшкерелеу. «Прокуратура туралы» заңын жетекшілік ете отырып айтатыным, жарнамаға сеніп кез келген адамға ақшаны тапсырмаңыздар. Әркім өз қаражатына жауапты, алайда сіздер қаржыларыңызды  расталмаған салушыға салсаңыздар әкімдік те, қор да қаражатты қайтарып бере алмайды», - деді Ж.Асанов.

Осы орайда, Бас Прокурор Жақып Асанов «Прокуратура туралы» ҚР Заңының 25-2-бабы  негізінде үндеу жолдап, әлеуетті тұрғын үй сатып алушыларды сақ болуға және жиналған ақшасын кез келген адамға бермеуге шақырды. Сондай-ақ сәйкес құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеріп, күдік туындаған жағдайда заңгерлердің немесе мемлекеттік органдардың көмегіне жүгінуге кеңес берді.

Сонымен қатар Бас прокуратура «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның ережелерін түсіндіру бойынша азаматтармен ауқымды жұмыс жүргізуді бастады.

Талқылау қорытындысы бойынша Бас прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп «Алдаусыз үлестік тұрғын үй» жобасы шеңберінде іс-шаралар кешенін іске асыру жөніндегі жоспарды бекітті. Бұл бастаманы іске асыру барысы туралы бұқаралық ақпарат құралдарына тұрақты негізде хабарланып отыратын болады.

 

Барлық жаңалықтар