Мақтаралдық диқандар 600 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинады (ФОТО)

10 Қазан, 2016 19:56
Бүкіл республикаға «Ақ алтын өндіру зауыты» деген атпен танылған Мақтарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз өсірумен де танымал бола бастады, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Бір ғана мысал, мақтаралдық диқандар биыл 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қарбыз алса, соның 450 мың тоннасын шет ел нарығына шығарған. Бұл гектарынан 263 центнерден өнім алып, өткен жылмен салыстырғанда 25 центнерге артық қауын-қарбыз жинаған мырзашөлдіктер бақша дақылдарын өсіруден Орта Азияның көшбасшысы екендігін дәлелдейді.

Мақтаралдың бау-бақша өнімдерінен көл-көсір пайданы ресейлік және беларусьтік кәсіпкерлер де көріп отыр. Оңтүстіктен жеткен қауын-қарбызды осы теріскейдегі көршілер Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалдайды екен.

Мәселен, ресейлік бизнесмен Станислав Каспаров: «Мақтаралды «Қауын-қарбыздың Отаны» деп санаймыз. Бұл жердің қауын-қарбызының дәмі ерекше тәтті. Сол себепті, Мәскеу мен Минск қалалары осы жердің өніміне тапсырыс береді. Біз осы жерден жеткізіп тұрамыз», - дейді бір сұхбатында.
 

 

Барлық жаңалықтар