• Басты
  • Жаңалықтар
  • Б.Сағынтаев мұнай өндіретін аймақтарда кадрларды қысқартпау бойынша меморандумдардың жүзеге асырылмай жатқанын айтты

Б.Сағынтаев мұнай өндіретін аймақтарда кадрларды қысқартпау бойынша меморандумдардың жүзеге асырылмай жатқанын айтты

10 Қазан, 2016 18:17
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Үкімет отырысында мұнай өндіретін аймақтарда кадрларды қысқартпау бойынша меморандумдарды жүзеге асыруды тапсырды.

Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, арнайы жұмыс тобы өткізген зерттеу шаралары нәтижесінде 99 мұнай-сервистік компанияда жұмыстан босату қаупі бар екені анықталды. Бұл мекемелерде 44 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Бүгінде министрліктің қолдауын қажет ететін жұмысшылардың үш тобы анықталып отыр.

Осы орайда Премьер-Министр меморандумдардың  орындалмай жатқанын айтты.

«Біз меморандум түзген кезде басшылыққа біздің жағдайымыз орнықты екенін көрсетеміз. Қазіргі материалдар бойынша көп бөлігі орындалмай жатқанын көріп отырмыз. Есептер жайымен қалды ма? Тамара Қасымқызы, оларға, министрліктер мен ұйымдарға қандай меморандумдар қай салада орындалмай жатқанын айту қажет», - деді ол.

ДСӘДМ мәліметінше,  бірінші топта 1239 адам бар. Олар 52 кәсіпорында қызмет етіп, биыл жұмыстан шығарылған болатын. Аталған жұмысшылардың басым бөлігі Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарында. осы уақытқа дейін сан алуан бағдарламалар бойынша жұмыссыз қалған 325 адам тұрақты жұмыс тапты. 355-сі қайта даярлау курстарынан өтті. Олардың ішінде уақытша жұмысқа тұрғандар да бар. Тағы 100 адам өздігімен жұмыс тауып алды. Қазіргі кезде қалған 500 адамды жұмысқа орналастыру жұмыстары жалғасып жатыр. Екінші топқа 22 кәсіпорынның жұмысшылары кірді.

Себебі олардың жұмысы тұрақсыз кестеге ауыстырылды. Олардың 1316-сы жұмыс істемейді. Өйткені кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған. 1290-ы мерзімсіз демалысқа жіберілсе, 594-і толыққанды жұмыс істеп жатқан жоқ.

Ботагөз Айтжанова

Барлық жаңалықтар