• Басты
  • Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» стипендиясын жұмыспен өтеу мерзімін үш жылға дейін қысқартты

Халықаралық бағдарламалар орталығы «Болашақ» стипендиясын жұмыспен өтеу мерзімін үш жылға дейін қысқартты

7 Қазан, 2016 12:56
Ауылдан келген «Болашақ» стипендиясына үміткерлерге арналған жеңілдіктер туралы, сондай-ақ қандай түлектер бес жылдық өтеуді екі есе қысқарта алатытыны туралы Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Жанболат Мелдешов айтып берді.

«Өңірлердің гуманитарлық, техникалық және басқарушылық әлеуетін дамыту және стипендия түлектерін өңірлерге тартуға ынталандыру үшін мемлекеттік қызметшілер санаты бойынша стипендия иегерлері үшін баламалы үш жылдық өтеуді ұсыну мүмкіндігін көздеу жоспарлануда. Осы шараның қажеттілігі «Болашақ» бағдарламасы бойынша даярланған білікті мемлекеттік менеджерлердің басым көпшілігінің орталықта жұмыс істеуге қалатынымен түсіндіріледі. Орталықтағы бес жылдың орнына өңірде үш жыл өтеу «Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған мемлекеттік қызметшілердің ірі қалалардан өңірлерге ауысуын қамтамасыз етеді деп ойлаймыз», — деп баяндады Жанболат Мелдешов BARCEF–2016 «Болашақ» бағдарламасының ІІІ халықаралық конференциясында.

ХБО басшысы конференцияға қатысушыларға қазіргі уақытта бағдарламаны іске асыруды талдау негізінде әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар тетіктердің пысықталып жатқанын хабарлады. Осылай, ауылдық мектептердің кадрлық әлеуетін күшейту, сондай-ақ өңірлерден стипендия иегерлерінің санын ұлғайту мақсатында, ауылдық білім беру ұйымдарының педагог кадрлары үшін жаңа санат енгізу жоспарлануда. Осы санатқа ауылда екі жыл еңбек өтілі бар үміткерлер жатқызылады. 

Одан басқа, ХБО президенті өзінің баяндамасында Астана және Алматы орталықтарында жартыжылдық оқуды және кейіннен Ұлыбританияның тіл орталықтарында жартыжылдық оқуды көздейтін «6+6» тілдік даярлықтың жаңа моделін атап өтті.

BARCEF конференциясы Орталық Азиядағы шетелдік және отандық жоғары оқу орындары арасында екі жақты байланыс орнатуға, кадрлар даярлау және білімді интернационалдандыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері жөнінде сарапшылардың пікір алмасуына арналған ауқымды шара болып саналады.

Жыл сайын BARCEF жетекші шетелдік және қазақстандық университеттердің, отандық компаниялардың 60-тан аса өкілінің, Қазақстанның 4000-нан аса мектеп оқушысы мен студенттерінің басын қосады.

 

Барлық жаңалықтар