10 мыңнан астам ақмолалық жыл соңына дейін жұмыспен қамтылады

7 Қазан, 2016 16:07
10 мыңнан астам ақмолалық жыл соңына дейін жұмыспен қамтылады, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Осы жылы мемлекеттік органмен алты бірдей мемлекеттік, үкіметтік және өңірлерді дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып, онда 16,6 мың адамды мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл өңірдегі жұмыссыз азаматтардың жартысынан астамын жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

«Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жұмыстар жалғасуда. Оны жүзеге асыруға 5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.    

33 жоба бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде 16-сы аяқталған. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қорынан бөлінген 1,5 миллиард теңге қаражат есебінен 189 жобаны жүзеге асыру үшін 156 жобада жөндеу жұмыстары басталып, 45-і толығымен аяқталған.

Инфрақұрылым нысандарына шамамен 1200 адам жұмысқа орналасқан, оның ішінде жұмыспен қамту орталықтары арқылы 612 адам орналасқан.

«Кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру» екінші бағыт шеңберінде 371 бағдарлама қатысушыларына несие беруге 1 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Қазірдің өзінде 550 миллион теңгеден астам сомаға 240 шағын несие иесін тауып үлгеріпті. Кәсіпкерлік негіздерімен 115 адам оқып шыққан.

Үшінші «Жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде қоныстандыру және оқыту арқылы жұмысқа орналастыруға ықпал ету» бағытында 1286 адам қатысуда.

Аяқтап шыққан 776 бағдарлама қатысушысының 735-і тұрақты жұмысқа орналасқан.

 

Барлық жаңалықтар