СҚО-дағы халықаралық инвестфорумға 8 елдің кәсіпкерлері қатысуда

5 Қазан, 2016 14:51
Петропавлда II Халықаралық «Kyzylzhar Invest 2016» инвестициялық форумы басталды. Форум жұмысына 7 мемлекеттiң (Италия, Қытай, Швеция, Финляндия, Германия, Сейшель аралдары мен Ресей Федерациясының 10-ға жуық субъектiлерi) өкiлдерi қатысты, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Олар Солтүстiк Қазақстан облысында бизнес-қауымдастық пен өз өндiрiстерiн құруға дайын ұлттық және шет елдiк компаниялардың, даму институттарының, инвестициялық қорлардың өкiлдерi, сондай-ақ Қазақстанның түрлi өңiрлерiнiң кәсiпкерлерi. Барлығы — 500-ге жуық адам қатысады.

Форум аясында 40-қа жуық солтүстiкқазақстандық тауар өндiрушiлердiң өнiмдерi мен инвестициялық жобалар қойылған көрме ұйымдастырылды.

Көрмеге қойылған экспонаттар өңiрдiң инвестициялық әлеуетiн көрсетедi.

Бұдан бөлек, бүгiн II Өңiрлiк инвесторлар кеңесi, «Солтүстiк Қазақстан облысы — Қазақстанның солтүстiк қақпасы» атты пленарлық отырыс пен қазақстан-швед бизнес-форумы сияқты iс-шаралар жоспарланған.

2015 жылы Солтүстiк Қазақстан облысы инвестиция өсiмiнiң қорытындысы бойынша бiрiншi орынға шыққанын айта кету керек. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыс экономикасына 128,4 пайыздық өсiммен 154,5 млрд. теңге инвестиция құйылған. 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында өңiрге 93 миллиард теңге көлемiнде инвестиция тартылды.

II Халықаралық «Kyzylzhar Invest 2016» инвестициялық форумы қорытындысы бойынша 20-дан астам меморандумдар мен келiсiмдерге қол қойылмақ.

 

Барлық жаңалықтар