• Басты
  • Жаңалықтар
  • Бас прокурордың орынбасары «Нұр Отан» қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы азаматтарды қабылдады

Бас прокурордың орынбасары «Нұр Отан» қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы азаматтарды қабылдады

4 Желтоқсан, 2013 18:25
«Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде ҚР Бас прокурорының орынбасары Нұрмұханбет Исаев келушілерге қабылдау жүргізді, деп партияның баспасөз қызметі хабарлады.

Оның айтуынша, «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысы арқасында азаматтардың көптеген мәселелері шешілуде. «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп Қоғамдық қабылдау бөлмесінде жылдың басында жасалған кесте бойынша  азаматтарға үнемі қабылдау жүргізіп тұрамыз», – деді Нұрмұханбет Исаев.

Бүгін Бас прокурордың орынбасары 20 тарта адамның талап-тілегін тыңдады. Қабылдау барысында қылмыстық және азаматтық істер бойынша тергеу мен тексерудің бұзылуы, сот шешіміне наразылық секілді түрлі сұрақтар қаралды.

«Қабылдауға келушілер негізінен қылмыстық іс қозғауға заңсыз бас тартылды деген шағым айтады. Өтініштердің барлығы тексеруді қажет етеді», – деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары.

Мысал ретінде келушілердің бірі қаржы полициясы тарапынан мүлікті жымқыру дерегі бойынша қылмыстық істің әуре-сарсаңға салынғаны жайлы арызданып отырғанын келтірді. «Шағымданушының айтуынша, осы дерек бойынша қылмыстық істің қаралып жатқанына 18 айдан асқан, алайда заң бойынша  мұндай істердің 2-3 ай көлемінде ақ-қарасы анықталуы тиіс», – деп атап айтты.

 
 

Барлық жаңалықтар