• Басты
  • Жаңалықтар
  • Бас прокуратура алименттер бойынша жағдайды өзгерте алатын 30 шара әзірледі

Бас прокуратура алименттер бойынша жағдайды өзгерте алатын 30 шара әзірледі

4 Қазан, 2016 18:32
Алименттерді өндіріп алу жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Бас Прокурор Жақып Асанов 3 жылдың ішінде алимент бойынша 13 мыңнан астам борышкерге елден шығуға, көлік басқаруға тыйым салынғанын атап өтті.

Бас прокуратурада сараптама тобы құрылды, ол  алимент төлемеудің себептерін анықтады және «Алименттер. Төлемеуге қарсы 30 қадам» жобасын әзірледі, деп хабарлады ведомство.

Бас Прокурор жұртшылықты жобаның іске асырылуына қолдау көрсетуге және белсенділік танытуға шақырды.

Алименттер өндіріп алу мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Қазақстанда ортақ қамқорлық институтын енгізу ұсынылды.

«Әлеуметтік зерттеулер деректері бойынша, алимент төлегісі келмеу себептерінің бірі борышкерлердің өз балаларымен араласу мүмкіндігінің болмауы болып табылады. Сонымен қатар әкелер мен балалардың қарым-қатынасы қаншалықты тығыз болса, алимент төлемеу жағдайларының соншалықты сирек болатыны дәлелденген.

Ортақ қамқорлықтың мәні – ажырасқаннан кейін баланың ата-анасымен қарым-қатынасын сақтау. Бала қайда оқиды, қайда оқуға түседі, оқуына ақшаны кім және қалай төлейді – осының барлығы жұбайлар арасында талқыланады және келісіледі.

Әрине, шектеулер де бар. Ажырасу маскүнемдік, нашақорлық немесе отбасындағы зорлық-зомбылық себебінен болған кезде ортақ қамқорлық мүмкін емес.

Әлеуметтік сауалнамалар деректері бойынша, борышкерлердің 25%-ы егер балаларын жиі көруге және тәрбиесіне араласуға мүмкіндік берілсе, алименттер төлейтіндерін білдірді. Әйелдердің 60%-ы ортақ қамқорлық институтын енгізуге оң көзқарас танытты.

Сондай-ақ, неке бұзу процесіне медиатор-психологтарды тарту ұсынылды.

Барлық жаңалықтар