Астанада Қазақстан мен Ресей Президенттерінің кездесуі өтуде

4 Қазан, 2016 13:16
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада Ресей Федерациясының басшысы Владимир Путинмен кездесті. Бүгін Мемлекет Басшылары ҚР мен РФ-ның ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады.

Бүгін таңертең Владимир Путин жұмыс сапарымен Астанаға келді. Ресейлік делегацияның құрамында министрліктер мен ведомстволардың өкілдері, сондай-ақ өңірлік әріптестер, соның ішінде Ресей субъектілерінің губернаторлары жұмыс істейді.

«Сіздерді парламенттік сайлаудың, өңірлік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтаймын. Бұл Сіз үшін және Ресей үшін үлкен жеңіс. Ол президенттің жоғары беделін көрсетеді. Осы жылы біз сегізінші рет кездесіп отырмыз және осы кездесу өте маңызды. Біз Сочиде келіскендей, біздің үкімет те жақсы жұмыс істеді», — деп қарсы алды РФ басшысын Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу барысында мемлекет басшылары екі жақты қарым-қатынастар, туризм саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.

Одан басқа, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев және Владимир Путин екі елдің ең ірі кәсіпкерлерінің қатысуымен бизнес-форум алаңында сөз сөйлейді, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің ХІІІ өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысады, онда екі елдің жалпы құны 25 млрд. долларды құрайтын көлік-логистикалық кешенінің жобаларын дамыту, сондай-ақ Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда кедергілерін қысқарту туралы айтылады.

Барлық жаңалықтар