«Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталы 14 млрд теңгеге ұлғайды

3 Қазан, 2016 16:13
«Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталы 14 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл туралы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Директорлар кеңесінің кезекті отырысында мәлім болды.

Ұлттық компанияда хабарлағандай, директорлар кеңесінің мүшелері ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың экономикалық өсімді қолдау, экономиканы әртараптандыру және кәсіпкерлікті ынталандыру жөніндегі тапсырмалары тұрғысынан «Бәйтерек» холдингінің ағымдағы жұмысына қатысты бірқатар мәселелерді қарады.

Директорлар кеңесі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ үшін «Бәйтерек» холдингінің кепілдігімен 200 миллион еуро сомасына Еуропалық Инвестициялық Банкінің қарызын тартуды мақұлдады.

Бұдан басқа, кейіннен «ҚазЭкспортГарант» экспорттық-кредиттік сақтандыру корпорациясы» АҚ-ны капиталдандыру үшін Холдингтің жарғылық капиталын  14 млрд. теңгеге ұлғайту туралы шешім қабылданды.

Жалпы сомасы 97,9 млрд. теңгеге Холдингтің үш бюджеттік кредиттің тартылуы да мақұлданды. Қаражат Индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы шеңберінде инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ға арналады.

Сондай-ақ, Директорлар кеңесі 2016 жылғы II тоқсан үшін тәуекелдер бойынша және Ішкі аудит қызметінің есептерін қарады. 

 

Барлық жаңалықтар