Ақтөбе облысының 12 аудан орталығы жыл соңына дейін газдандырылады

3 Қазан, 2016 09:42
2016 жылдың соңына дейін Ақтөбе облысының 12 аудан орталығы көгілдір отынға қол жеткізеді. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Назарбаев Университетінде білім алып жатқан ақтөбелік студенттермен кездесу барысында мәлімдеді.

Облыс әкімі   студенттерге өңірдің экономикалық, мәдени және әлеуметтік  саласындағы жетістіктерін жеткізіп, Тәуелсіздік жылдары алынған белестерді алға  тартты. Атап айтсақ, әлемдік экономикалық дағдарыс жағдайындағы өңірдің  экономикалық ахуалы туралы сөз қозғалды. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы, әлеуметтік-қоғамдық жағдай мен жаңа өндірістердің құрылыстары тілге тиек болды.

Өңір тұрғындарын су, жылу, газ, электрмен қамту мәселесі бойынша Бердібек Сапарбаев  жақын айларда Ырғыз және Уіл ауылдары газбан қамтылады,  2016 жылдың соңына қарай облыстың 12 аудан орталығы газдандырылмақ.

« «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық мемлекеттік даму бағдарламасы белсенді жүзеге асырылып жатыр,  бағдарлама аясында 580 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.  Ақтөбе облысы тұрғындарының 27 пайызы жастардан тұрады. Біздің басты міндетіміз – оларды жұмыспен қамтып, тұлғалық дамуларына жағдай жасау», - деді әкім.

Оның айтуынша, өңірде әлеуметтік және спорттық мекемелердің санын көбейту бойынша шаралар жүзеге асырылып жатыр.

«Біз 2017-2018 жылдары  барлық аудан орталықтарында  жабық спорт нысандарын салу жауапкершілігін алдық.  Мемлекет басшысының  МЖС механизмдерін белсенді қолдану тапсырмасы жүзеге асырылуда.  Қазірде Ақтөбеде мемлекеттік жеке меншік серіктестік негізінде Жастар сарайы мен Күрес орталығы, музей салынып жатыр. Желтоқсанда  хоккей модулін енгізіп,  келесі жылы Мұз айданының құрылысын аяқтаймыз», - деді Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, Астанада ақтөбелік 700 студент білім алуда,  оның ішінде 168-і Назарбаев университетінде оқиды.

Барлық жаңалықтар