• Басты
  • Жаңалықтар
  • Вашингтонда терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша екіжақты құқықтық әріптестік мәселелері талқыланды

Вашингтонда терроризм мен экстремизмге қарсы күрес бойынша екіжақты құқықтық әріптестік мәселелері талқыланды

4 Желтоқсан, 2013 12:30
ҚР Бас Прокуроры Асхат Дауылбаев АҚШ-қа барған ресми сапарында федералды құқық қорғау органы жетекшілермен екі жақты кездесу өткізді, деп хабарлайды Бас Прокуратураның баспасөз қызметі.

«Федералды тергеу бюросының директоры Джеймс Комимен кездесу барысында терроризм мен экстремизм, ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі, киберқылмыс пен заңсыз жолмен тапқан пайданы заңдастыру бойынша екіжақты құқықтық әріптестік мәселелері кеңінен талқыланды», - делінген хабарламада.

Тараптар маман даярлау мен қайта даярлау мәселелерін де ортаға салды. Сонымен қатар, криминалистік және полиграфиялық зерттеу жүргізу мен ұйымдастыру жайы да назардан тыс қалмады.

Бас Прокурор мен ФТБ директоры қол жеткізілген өзара іс-қимылға қанағаттанатындықтарын жеткізді. Бұл тұрғыда, А.Дауылбаев Қазақстанның Бас прокуратурасы қылмысқа қарсы іс-қимыл жасау, қылмыстық істер бойынша халықаралық құқықтық көмек көрсету, қылмыскерлерді беру мәселелерін шешуде америкалық құзырлы органдармен өзара түсіністік қағидасымен белсенді ынтымақтастықта екендігін атап көрсетті. 

Бас Прокурор қылмыстық қуғындау кезінде адам құқықтарын қорғауға прокурорлардың аса ерекше назар аударатындығын атап көрсете отырып, қазақстандық прокуратура қызметінің негізгі бағыттары туралы, заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша жасалып жатқан қадамдар туралы әңгімелеп берді.

Халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі заманауи стратегиялық міндеттер орайында қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы тұру үшін күш біріктірудің өзектілігі артып бара жатқандығына ерекше тоқталған әңгімелесушілер бұл тұрғыдағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға әзірліктерін білдірді.
ФТБ өкілдері қазақстандық делегацияны Ұлттық бірлескен шұғыл топтардың терроризммен, есірткі айналымымен, ұйымдасқан және экономикалық қылмыстармен күрес жүргізудің жаңа жетістіктермен, сондай-ақ қылмыстық тергеу саласымен және полиграф жұмысымен таныстырды.    

Кездесу соңында А.Дауылбаев ФТБ директоры Д.Комиді Қазақстанға сапармен келіп қайтуға шақырды. 
Сонымен қатар, А.Дауылбаев Вашингтон қаласының полициясы мен Квантико қаласындағы ФТБ Академиясының, сондай-ақ Есірткімен күрес жөніндегі федералдық агенттіктің жұмысымен танысты.

Округ полициясының қызметкерлері терроризммен және көше қылмыстармен күресудің жетістіктермен, сондай-ақ шұғыл басқару орталығының жұмыс жүйесімен таныстырды.    
 ФТБ Академиясында болған кезде Қазақстанның Бас Прокуроры арнайыландырылған оқу орнының кадрлар даярлау жүйесімен, материалдық-техникалық және ғылыми-әдістемелік базасымен танысты,

Сондай-ақ А.Дауылбаев Есірткімен күрес жөніндегі федералдық агенттіктің директоры Мишель Леонхардпен кездесті, онда тараптар заңсыз есірткі айналымымен күрес жүргізу жөніндегі жұмыстар туралы ақпарат алмасып, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстарға қарсы тұру үшін күш біріктіруге және ынтымақтастықты тереңдетуге даяр екендіктерін білдірді.

Жұмыс сапарының аясында Бас Прокурордың АҚШ Әділет министрі Эрик Холдермен кездесуі де жоспарланған.
 

 

 

Барлық жаңалықтар