Мәжіліс депутаттары қызылордалық студенттермен кездесті

4 Желтоқсан, 2013 12:37
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Уәлихан Бишімбаев пен Омархан Өксікбаев Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттерімен кездесті, деп Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

«Уәлихан Бішімбаев бүгінгі жастарға да артар сенімі мол екенін, жастардың мемлекет тарапынан жасалып жатқан жағдайды тиісті пайдаланып, бәсекеге қабілетті маман болу қажеттігін тілге тиек етті», - делінген хабарламада.

Президенттің 2050 стратегиясының артықшылықтары мен ерекшеліктері сөз болған ортада сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы  Омархан Өксікбаев қатысушыларға бесінші шақырылымның үшінші сессиясында атқарылған депутаттық жұмыстар  жайында айтып берді.

Халық қалаулыларымен бас қосқан жиында университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Бисенов Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауының жүзеге асырылуы нәтижесінде еліміз әлемдік өркениеттегі өзінің лайықты орнын айқындағанын атап өтті.

Мәжіліс депутаттары кездесу аясында университеттің бас оқу ғимаратындағы «Елбасы және Тәуелсіз Қазақстан» оқу-көрме залында болып, экономикасы қарыштап дамыған, мәдениеті, өнері, ұлттық бірлігі мығым ел ретіндегі қол жеткізген табыстарымызды бейнелейтін ресми құжаттармен танысты.

 

 

Барлық жаңалықтар