Жамбыл облысында 25 жыл ішінде 102 білім беру нысаны ашылды

23 Қыркүйек, 2016 18:32
Жамбыл облысында 25 жыл ішінде 102 білім беру нысаны ашылды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов мәлімдеді.

«Еліміздің тәуелсіздігін алған 25 жыл ішінде денсаулық саласына үлкен көңіл бөлінді. Жамбыл облысында «100 мектеп, 100 аурухана салу» аясында құны 18,8 млрд. теңгеге 6 денсаулық сақтау нысандарының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Оның ішінде елімізде аналогы жоқ облыстық қан орталығы да бар», - деді Е.Манжуов.

Сонымен қатар, «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана салу» жобасы аясында жоспарланған 1,8 млрд. теңгеге 25 денсаулық нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Денсаулық саласын қаржыландыру көлемі өсіп, 2005 жылы – 9,2 млрд. теңге бөлінсе, 2016 жылы - 40 млрд. теңге бөлінді, яғни 4,4 есеге өсті.

Назар аударар жайт, өңірде ширек ғасыр ішінде 102 білім беру нысаны пайдалануға берілді. Оның ішінде 76 мектеп, 25 балабақша, 1 колледж бар.

«Қазіргі таңда облыстағы тарих және мәдениет ескерткіштерінің сандық көрсеткіштері 3 365 құрап отыр. Оның ішінде 741 тарихи – мәдени ескерткіш мемлекеттік тізімге алынған. Тарихи-мәдени нысандарды сақтау және қалпына келтіру мақсатында, ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында 2009 жылдан бері 10 ауданның және Тараз қаласының ескерткіштер жинақ кітабы шықты», - деді ол.  

«Сонымен қатар, 2014 жылы ЮНЕСКО-ның «Бүкіләлемдік Мәдени Мұра» тізбесіне Жамбыл облысында орналасқан Ақтөбе (Баласағұн), Өрнек, Құлан, Қостөбе қалашықтары және Ақыртас кешені енгізілген. Этно-мәдени орталықтың құрылыс жұмыстары аяқталуда. Зиялы қауым өкілдерінің де мәдениет саласында жетістіктері жетерлік», - деп аймақ басшысының орынбасары өз сөзін түйіндеді.

Барлық жаңалықтар