• Басты
  • Жаңалықтар
  • Көксу қант зауыты 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын өндіруді жоспарлауда (ФОТО)

Көксу қант зауыты 200 мың тоннадан астам қант қызылшасын өндіруді жоспарлауда (ФОТО)

21 Қыркүйек, 2016 19:43
Көксу қант зауытына қант қызылшасының биылғы жылғы алғашқы легі жеткізілді, деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі.

Көксу қант зауытына осы жылы алғаш 200 тонна қант қызылшасын жеткізген Сарқан ауданындағы «Мадияр» шаруа қожалығы болды. Бұл қожалық ағымдағы жылы 200 гектар аумаққа қант қызылшасын еккен. Орташа өнімділігі гектарынан 500 – 550 центнерді құрады. Жалпы диқандар қызылша алқабынан 8 мың тонна тәтті түбір жинауды жоспарлауда, ал бүгінгі зауытқа жеткізгені соның тек бір бөлігі ғана.

«Көксу қант зауытының директоры Нұрлан Тлеубаев пен осында жиналған қонақтар зауытқа өнімнің алғашқы легінің жеткізілуіне байланысты қалыптасқан дәстүр бойынша салтанатты түрде зауыттың  қызыл лентасын қиды. Осылайша, қант қызылшасын өңдеуге ресми түрде рұқсат берілді. Ендігі кезекте зауытқа өңірдің қант қызылшасын өсіруге бағытталған барлық аудандарынан біртіндеп қант қызылшасы келе бастайды»,-деп хабарламада айтылған.

2015 жылы қант қызылшасының алқабы 3,8 мың гектар болса, биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 6,8 мың гектарға жетті. Жоспар бойынша қайта өндеуге тәтті түбірдің 224 мың тоннасының өткізілуі күтілуде. Атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы Мемлекет басшысының Алматы облысына қант қызылшасын өсіруші аймақ атағын қайтару туралы тапсырмасын орындауға бағытталған.

 

Барлық жаңалықтар