• Басты
  • Жаңалықтар
  • Банкроттық туралы заңға енген өзгерістер кәсiпорындарға бизнесiн оңалтуға бағытталған жолдарды анықтады (ФОТО)

Банкроттық туралы заңға енген өзгерістер кәсiпорындарға бизнесiн оңалтуға бағытталған жолдарды анықтады (ФОТО)

21 Қыркүйек, 2016 13:21
Банкроттық туралы заңға енген өзгерістер кәсiпорындарға бизнесiн оңалтуға бағытталған жолдарды анықтады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлiгi Мемлекеттiк кiрiстер комитетi Салықтық бақылау департаментiнiң директоры Ерлан Нұрланбаев Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифинг барысында мәлiмдедi.

«100 нақты қадам» шеңберiнде «Оңалту және банкроттық мәселелер туралы» жаңа заң қабылданды. Сол арқылы банкрот деп танылған кәсiпкерлер үшiн дағдарыстан шығудың жаңа жолдарын айқындап отырмыз. Бiрiншiден, заңда төлем қабiлетсiздiгiн реттеу қарастырылған. Кәсiпорын қарызға батқан жағдайда, ол банкроттыққа баруға мiндеттi емес. Заң борышкерге кредиторлармен қарыздарды қайтару жолдары мен мерзiмi туралы келiсiмге келуге мүмкiндiк бередi. Бұған 2 ай уақыт қарастырылған. Бұл ретте тұрақсыздық айыбын есептеу тоқтатылады және ешкiм борышкердi банкрот деп тани алмайды. Келiсiмді сот бекітедi және борышкер әдеттегi қызметiне кiрiседi. Кредиторларға төлемдер кестеге сәйкес жүргiзiледi», - дедi Е.Нұрланбаев.

Оның айтуынша, келiсiм бекiтiлген сәттен бастап, тұрақсыздық айыбы мен сыйақы есептеу тоқтатылады, борышкердiң шоттарындағы шектеулер алынады, атқарушылық iс жүргiзу тоқтатылады, борышкердiң мүлкi мен шоттарына қайта тыйым салуға жол берiлмейдi. 

«Банкрот компанияны сату және меншiк иесiн ауыстыру қарастырылған. Бұған қоса, Заң оңалту және банкроттық рәсiмдердi өткiзу мерзiмдерiн қысқартуға бағытталған нормаларды қамтиды», - дейдi Е.Нұрланбаев.

Сондай-ақ, заңның арқасында кәсiпкер банкроттық рәсiмiнен оңалтуға көшiп, бiтiмгершiлiк келiсiмге келе алады.

«Міндетті талап: жалақы бойынша алдын ала қарыздар жабылуы керек. Бейбіт келісімді  сот мақұлдаған соң  борышкерді банкрот деп тану ескерілмейді», - деді ол.

Ботагөз Айтжанова

Сурет: Азамат Әлиев 

Барлық жаңалықтар