• Басты
  • Жаңалықтар
  • ДСӘДМ басшысы семинарлар аясында қазақстандықтарға медициналық сақтандырудың негізгі қағидаларын түсіндіруде

ДСӘДМ басшысы семинарлар аясында қазақстандықтарға медициналық сақтандырудың негізгі қағидаларын түсіндіруде

19 Қыркүйек, 2016 15:34
Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу бойынша аймақтық штабтардың мүшелерін оқыту семинарларының циклі басталды, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.

19-26 қыркүйек аралығында ҚР ДСӘДМ басшысы Тамара Дүйсенова селекторлық тәртіпте МӘМС-тің негізгі қағидаларын түсіндіреді.

Оқыту шаралары аяқталған соң, аймақтық штаб мүшелері 1 қазаннан бастап халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастайды. Олар жұмыс берушілермен, кәсіпорындар мен ұйымдардың еңбек ұжымдарымен, бюджеттік сала қызметкерлерімен, ҮЕҰ және кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен, сонымен қатар, ауылдық жерлердегі түрғындармен кездесулер өткізеді деп күтілуде.  

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда үздік халықаралық тәжірибені есепке ала отырып мемлекет, жұмыс беруші және әрбір адамның ынтымақты жауапкершілігінің негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесін енгізу жұмыстары басталады.

Сонымен қатар, мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарна төлейтін болады. Жұмыс берушілер – жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтыған азаматтар өздері үшін төлейтін болады.

Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен (әрі қарай - ТМККК) әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады. Олардың қатарына әлеуметтік мәні бар аурулар, шұғыл жағдайлар, жедел медициналық көмек, санитарлық авиация мен вакциналау кіреді.

Азаматтардың денсаулығын қорғаудың жалпыға бірдей құқығын қамтамасыз ету мақсатында сақтандырылмаған азаматтарға 2020 жылға дейін ТМККК аясында амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.  

МӘМС аясында сақтандырылған азаматтарға жоғарғы технологиялық медициналық қызметтер, стационарды алмастыратын технологиялар, ұзақ мерзімді мейіргерлік күтім, амбулаторлық дәрілермен қамсыздандырылған амбулаторлық-емханалық көмек көрсетілетін болады.

Сонымен қатар, егер азаматтар ерікті сақтандыруға қатысатын болса, МӘМС жүйесінде қарастырылмаған медициналық көмек ала алады. Ол жеке сақтандыру компанияларымен бекітілген келісім шарт негізіне жүзеге асырылады.

 

Барлық жаңалықтар