Қ.Бишімбаев: 8 ай ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 0,7%-ды құрады (ФОТО)

19 Қыркүйек, 2016 11:02
Экономикалық өсім шикізат секторымен қамтамасыз етілуде. 8 ай ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 0,7%-ды құрады, деді Мәжілістің үкімет сағатында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев.

«Экономикалық өсім барған сайын шикізат секторымен қамтамасыз етілуде. 8 ай ішінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі 0,7%-ды құрады. Металлургия өнімдерінің өндірісі 8,3 пайызға, азық-түлік 3,8 пайызға, мұнай өңдеу 0,6 пайызға, пластмасса 2,4 пайызға, сонымен қатар фармация 2,5 пайызға өсті»,-деді Қ.Бишімбаев.

Министрдің айтуы бойынша, шикізат тауарлары  үшін экспорттың құрылымы да ұлғайтылды.

«Жоғары өңделген өнімдердің экспорты өсті – бұл тамақ өнеркәсібі: қант және тәтті тағам өнімдері  17,2 мың тоннаға дейін, яғни 84,0 пайызға  май және тоң май 26,9%, ет және ет өнімдері 12,5 пайызға өсті, химиялық тыңайтқыштар: 82,2 пайызға (114,5 мың тоннаға дейін), тоқыма материалдар 4,4 пайызға, дайын метал өнімдері: мойынтірек 51,2 пайызға өсті»,-деді министр.

Ведомство басшысы айтып өткендей, өңір бойынша өнеркәсіптің өсуі 9 аймақта байқалса, кему 7 аймақта тіркеліп отыр.

«Өнеркәсіп өндірісінің жоғары өсімі Оңтүстік Қазақстанда 4,5 пайызға, Ақмолада 4,2 пайызға және Шығыс Қазақстан облысында 4,1 пайызға жетті. Ал,  мұнай өндірудің    азаюына   орай, Қызылорда облысында 10,6 пайызға және Маңғыстау облысында 3,9 пайызға төмендеу байқалады. Қостанай облысында 4,1 пайызға төмендеу байқалады»,-деді ол.

Ботагөз Айтжанова

Сурет: Шыңғыс Қаппаров 

Барлық жаңалықтар