• Басты
  • Жаңалықтар
  • Н.Назарбаев: ТМД өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді (ФОТО)

Н.Назарбаев: ТМД өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді (ФОТО)

16 Қыркүйек, 2016 20:47
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы біздің елдерді жақындастыратын бірегей алаң болып табылады. Достастық өзінің тұрақтылығын, мақсаттылығын және келешегінің зор екендігін дәлелдеді, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бішкекте өтіп жатқан ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шағын құрамда өткен отырысында.

«1991 жылы қол қойылған Алматы декларациясы арқылы негізі қаланған Тәуелсіз мемлекеттер достастығы бүгінде елдерімізді жақындастыра түсетін бірегей алаң болып қала береді. Біздің Достастық жұмысын жалғастырып және болашаққа деген жоспарларды іске асыра отырып, өзінің өміршеңдігін, тиімділігін және перспективалылығын дәлелдеді. Сондай-ақ, Достастықтың тәжірибесі ЕАЭО және ШЫҰ тәрізді интеграциялық ұйымдарға да септігін тигізді. Осылайша, Алматыда 1991 жылы 21 желтоқсанда ТМД-ның құрылуы зор тарихи мәнге ие болды. Менің бастамам бойынша бүгін біз ТМД-ның 25 жылдығы жөнінде мәлімдеме қабылдап отырмыз. Ол бағдарды айқындап, алдымызға жаңа міндеттер қояды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы жақында өткен G-20 саммитінде әлемдік экономиканың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық саясатты үйлестіру туралы уағдаластыққа қол жеткізілгенін атап өтті.

«Саммитте дамудың ескірген моделін алмастыру және жаһандық индустриялық революциядан соң келген жаңа сандық экономикаға көшу мәселелері талқыланды. Бұл – энергияның жаңа түріне, валютаның жаңа санатына және қоғамдық қарым-қатынастың жаңа формаларына негізделген қоғамдық өндірістің жаңа тәсілін табу мен игере бастаудың нышаны. Жаңа проблемалар алдында ТМД аясында бізге де тығыз өзара іс-қимыл жасап, бірлескен жобаларды жандандыру қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Достастықтың қазір 2008 жылы қабылданған экономикалық даму стратегиясын іске асырудың үшінші кезеңіне көшкеніне назар аударды.

«Қазіргі уақытта әлемдік экономикадағы жағдай айтарлықтай өзгерді. Сондықтан Қазақстан Достастық елдерінің экономикалық дамуына серпін беруге арналған шаралар жиынтығын жандандыру түсуді ұсынды», – деді Мемлекет басшысы.

Ботагөз Айтжанова

Суретке түсірген Бауыржан Жуасбаев 

Барлық жаңалықтар