БҚО Тәуелсіздіктің 25 жылдығына 60-тан астам ірі шаралар өткізеді

16 Қыркүйек, 2016 17:56
Батыс Қазақстан облысы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына қызу дайындалып жатыр. Мерекеге орай, облыста жаңадан бірнеше нысан пайдаланылуға беріледі. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов айтты.

«Тәуелсідіктің 25 жылдығына орай, 20 қараша мен 15 желтоқсан аралығында "Жұлдызды 25 күн" өткізіледі. Одан бөлек, 60-тан астам ірі шаралар ұйымдастырылады. Атаулы мерекеге орай бірнеше әлеуметтік нысан пайдаланылуға берілді. Сонымен қатар Орал қаласының тұрғындарына 90 мың шаршы метр яғни 1562 пәтер кілті тапсырылады. Оқушылар сарайы, көпсалалы ауруxана желтоқсан айының басында ашылады. Қазіргі таңда облыста 7150 жұмыс орыны ашылды. Соның ішінде "Жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 2235 адам жұмыспен қамтылды. Үш ауысымдық мектептер проблемасы жойылды. Облыс тұрғындарын су және газбен қамту оң шешімін табуда. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысының 89 пайызы сумен қамтылды",- дейді Арман Өтеғұлов.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласында Елбасының тапсырмасына сәйкес, "Қуатты өңір - қуатты Қазақстан" атты өңірлер күні басталып кеткен болатын. Осы аптаның сенбі-жексенбі күндерінде Батыс Қазақстан және Атырау облысының күндері өтеді.

Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесіне 12 аудан мен Орал қаласының кәсіпкерлері қатысады. Жәрмеңкеде 200 тоннадан астам көкөніс, ет, консерві, ұн және макарон өнімдері, бал, балық, квас, шырын, сусын және т.б. сатылады.

Барлық жаңалықтар