Астанада WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының жеңімпаздары анықталды

15 Қыркүйек, 2016 20:27
Астанада WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионат жеңімпаздарының марапаттау рәсімі өтті.

«Қазақстан» орталық концерт залында  WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатының салтанатты түрде жабылу рәсімі өтті. Жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның жұмысшы мамандықтары бойынша ұлттық құрамасы құрылды. Олар 1-3 желтоқсан айында Швецияның Гетеборг қаласында өтетін EuroSkills чемпионатына алғаш рет қатысады, деп xабарлайды Bnews.kz тілшісі.

Байқауға еліміздің 14 өңірінен және Астана, Алматы қалаларынан келген 140 үміткер қатысты. Олар 3 күн бойы WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатында 15 құзыреттілік бойынша сайысқа түсті.

Қатысушылар сынға түскен мамандықтарды атап өтсек: мейрамхана ісі (аспазшы), мейрамхана сервисі (даяшы), кондитер ісі,  шаштараз ісі, желілік және жүйелік басқару, веб-құрастыру, мехатроника, құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары, кірпіш қалау, дәнекерлеу жұмыстары, сырлау және декоративтік жұмыстар, плиткамен қаптау, мектепке дейінгі тәрбие, киім дизайны, электр монтаждау жұмыстары.

«Веб дизайн» номинациясы бойынша 2-орынға ие болған 19 жастағы Қарағанды облысынан келген жас маман Константин Жуков өзінің сүйікті ісімен айналысып жүргендігін қуана айтты.

«Аталған номинация 4 этаптан тұрды. Алғашқы екі этап редакциялық дизайннан өтті. Ал қалғаны теxникалық этап болды. Мұнда қатысушылардан программалық бағдарламалау тілін қаншалықты жетік меңгергені тексерілді. Осы байқауға қатысқаныма өте қуаныштымын. Өз сүйікті ісіммен айналысып, осындай жетістікке жеттім», - дейді жас маман.

Аталған шара Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру аясында жалпы еңбек қоғамын құру және жұмысшы мәртебесін арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында қолға алынып отыр.

Биыл өткізілген Ұлттық чемпионаттың негізгі мақсаты – жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге тарту. WorldSkills қозғалысы еліміздің жас мамандарына кәсіби дағдыларын шыңдай түсуге мүмкіндік береді.

Жұмысшы мамандықтары бойынша Ұлттық чемпионат алғаш рет 2015 жылы өткізілген. Оған еліміздің түк-түкпірінен келген 70 маман қатысқан.

Айта кетейік, EuroSkills байқауында жеңіске жеткен жас мамандар WorldSkills Ұлттық чемпионатына қатысуға мүмкіндік беріледі. Халықаралық байқау Дубай қаласында өтеді.

Айта кетейік, WorldSkills International (WSI) — xалықаралық коммерциялық емес қауымдастық. Бұл қауымдастық 1953 жылы әлемде жұмысшы мамандықтарын насиxаттау мақсатында құрылды. Бүгінде ұйымның құрамына 72 мемлекет кіреді.+

WorldSkills чемпионаты екі жылда бір рет өткізіледі. Халықаралық байқауды «Жұмысшылар олимпиадасы» деп те атайды. Чемпионатқа жұмысшы мамандығын меңгерген жасы 22-ден аспаған жас маман қатыса алады.

Барлық жаңалықтар