Сенатта бюджет үдерістерінің ашықтық мәселесі талқыланды

15 Қыркүйек, 2016 18:52
Парламент Сенаты Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Рашит Ахметов Қазақстандағы Халықаралық бюджет әріптестігінің атынан келген Сандж зерттеу орталығы Қоғамдық қорының президенті Жанар Жандосовамен кездесті, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Р. Ахметов үш жылдық кезеңдегі республикалық бюджет туралы заң жобаларының Парламентте қаралу барысы, республикалық және облыстық бюджет арасындағы трансферттер көлемі туралы әңгімеледі.

Сенатор бюджетті қалыптастыруды тиімді бақылауға және жұртшылықтың бюджет үдерістеріне кеңінен қатыстыруды қамтамасыз етуге байланысты мәселелерге парламентшілер ерекше назар аударатынын атап өтті. Елдің экономикалық саясатын айқындау үдерістерінде шетелдік тәжірибені зерделеудің маңыздылығы мен халықаралық сарапшыларды тартудың пайдалы екендігін атап өте келіп, Р.Ахметов Халықаралық бюджет әріптестігімен ынтымақтастықты дамытуға ықылас білдірді.

Ж. Жандосова өз кезегінде бюджет үдерістерінің ашықтығын одан әрі арттыруға және бюджеттің негізгі көрсеткіштерін қалыптастырудағы азаматтық қоғамның рөлін ұлғайтуға бағыттылған нақты ұсыныстар айтты. Кездесуге Сенат депутаты Ольга Перепечина қатысты.
 

Барлық жаңалықтар