• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстан Гонконгтың қаржы индустриясындағы тәжірибесін зерделеуге мүдделі - Ыдырысов (ФОТО)

Қазақстан Гонконгтың қаржы индустриясындағы тәжірибесін зерделеуге мүдделі - Ыдырысов (ФОТО)

15 Қыркүйек, 2016 13:09
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстанға алғаш рет келген Гонконгтың қаржы жөніндегі хатшысы (қаржы министрі) Джон Цангпен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ Баспасөз қызметі.

Кездесу барысында Е. Ыдырысов Қазақстанның негізгі сыртқы саяси басымдықтары және елімізде инвестициялық климатты жақсарту мен  арнайы экономикалық аймақтарды құру үшін қолданылып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ол Қазақстан Гонконгтың қаржы индустриясындағы тәжірибесін зерделеуге мүдделі екенін атап өтті. Осы тұрғыда сұхбаттасушылар «Астана» халықаралық қаржы орталығы қызметкерлерінің Гонконг қаржы мекемелерінде арнайы тренингтерді өту мүмкіндігін талқылады.

Джон Цанг өз кезегінде, Гонконгтың іскерлік топтары Қазақстандағы сауда, логистика және қызмет көрсету салаларындағы инновациялық жобаларды қаржыландыруға дайын екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Гонконг арасындағы инвестицияларды өзара қорғау және көтермелеу, қосарланған салық салуды болдырмау, сондай-ақ салааралық және ведомствоаралық екі жақты құжаттарды қабылдау мәселелерін қарастырды.

Барлық жаңалықтар