• Басты
  • Жаңалықтар
  • ҚР Бас прокуроры сату-сатып алу келісімінің ашықтығын тексеретін әдіс енгізуді ұсынды

ҚР Бас прокуроры сату-сатып алу келісімінің ашықтығын тексеретін әдіс енгізуді ұсынды

8 Қыркүйек, 2016 16:23
ҚР Бас прокуроры сату-сатып алу келісімінің ашықтығын тексеретін әдіс енгізуді ұсынды, деді Бас прокурор Ж.Асанов «Әділеттілік – құқықтық қорғаудың басты өлшемі» атты жобасы аясындағы отырыста.

Ж.Асановтың айтуынша, дамыған елдерде мүлік сатылғанда, оның бүкіл тарихы мұқият тексеріледі. Егер жалған әрекеттер анықталса, онда құжатты растаған, тіркеген тұлғалар жауап береді. Германия, Италия, Францияда - нотариустар, Испанияда - риэлторлар, ал АҚШ-та осы жұмыспен адвокаттар айналысады.

«Бізге де осындай жүйені құру қажет. Келісімдердің тазалығын тексеруді риэлтор, адвокат немесе нотариустарға жүктеуге болар еді. Бұл нотариустың міндеті болса, онда оларға ақпараттық базаларды беруіміз керек. Мысалы, бұрын жасалған келісімшарттар, мүлікті сатқан адамдардың құқығы болды ма, жоқ па дегендей. Германия мен Ресейде жылжымайтын мүлікті сату келісімін міндетті түрде нотариус растайды. Бізде болса, әркімнің өз еркі. Нотариусқа барамын десе, барады, бармаймын десе, бармай қояды. Сондықтан осыдай механизмді енгізсек, ол алаяқтарға нағыз тосқауыл болар еді», - деді ол.  

«Сонымен қатар, сақтандыру соммасын көбейтіп, материалдық жауапкершілікті шегелеп көрсету керек. Ресейде нотариустың қателігінен біреу мүлкінен айырылса, сақтандыру компаниясы оған 5 миллион рубль төлейді. Теңгемен – 25 миллион. Бізде болса, 12 есе аз. Бар болғаны – 2 миллион. Ол ақшаға жатақхананың бөлмесін де ала алмайсын», - дейді Ж.Асанов.

Бас прокурор нотараттық палата жанынан арнайы қорды құрып, соның есебінен зардап шеккен азаматтардың шығындарын өтеуді ұсынып отыр.

 

Барлық жаңалықтар