• Басты
  • Жаңалықтар
  • ІІМ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезiнде заңнаманы бұзатын заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тартуды күшейтеді

ІІМ шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезiнде заңнаманы бұзатын заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тартуды күшейтеді

8 Қыркүйек, 2016 13:49
Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезiнде заңнаманы бұзатын заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту күшейтiлмек. Бұл норма Қазақстанға келетiн шетел азаматтарын бақылауды күшейту мақсатында енгiзiлiп отыр. Бұл туралы бүгiн Мәжiлiсте «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне экстремизмге және терроризмге қарсы iс-қимыл мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» заң жобасының таныстырылымында ҚР Iшкi iстер министрiнiң орынбасары Рашид Жақыпов мәлiм еттi.

«Шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезiнде заңнаманы бұзатын заңды және жеке тұлғаларды жауапкершiлiкке тарту күшейтiлуде. Бұл норма Қазақстанға келетiн шетел азаматтарын бақылауды күшейту мақсатында енгiзiлiп отыр. Бұл мемлекеттiң ұлттық мүдделерiн қорғауды, сондай-ақ шетелдiктердiң бiздiң заңнамаларды сыйлауын қамтамасыз етедi», - дедi Р.Жақыпов.

Бұдан бөлек, қылмыс жасап, жазасын өтеген шетелдiктердi ел аумағынан шығару тетiгi тәртiпке келтiрiлмек. Шетел азаматы түрмеден шыққан соң, бiрден елден шығарылып, оған қайта келуге тыйым салынады.

Сондай-ақ, көшi-қон мәселесiн реттеу үшiн өзiмiздiң азаматтарға қатысты да бiрқатар өзгерiстер қарастырылған.

«Пәтерде тiркелмей және жеке куәлiксiз тұратын адамдарға салынатын айыппұлдың мөлшерiн арттыру көзделiп отыр. Сондай-ақ, тiркелмей тұруға болатын мерзiмдi бiр айға дейiн қысқарту көзделген. Заң бойынша кез келген азамат белгiлi бiр жерде 10 күн iшiнде тiркелуi тиiс.Сондай-ақ, меншiгiндегi үйiнде немесе ғимаратында азаматтар тiркеусiз тұрып жатқан адамдардың әкiмшiлiк жауапкершiлiгi енгiзiлiп отыр. Бұл «созылмалы» пәтерлер мәселесiн шешуге мүмкiндiк бередi. Қазiргi күнi бiр пәтерде 100-ден астам азамат тiркелген жағдайлар бар», - дедi вице-министр.

Айта кетейiк, комитет отырысына парламенттiк емес саяси партиялар мен қоғамдық бiрлестiктер, үкiметтiк емес ұйымдар, дiни конфессиялардың өкiлдерi мен сарапшылар шақырылып отыр.

Заң жобасы 2016 жылы 10 маусымда өткен Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды орындау мақсатында әзiрлендi.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар