• Басты
  • Жаңалықтар
  • Қазақстанда сотталғандарды туған-туыстарымен интерактивті байланыстыру мүмкіндігі жоспарлануда

Қазақстанда сотталғандарды туған-туыстарымен интерактивті байланыстыру мүмкіндігі жоспарлануда

6 Қыркүйек, 2016 11:46
Елiмiзде түрмеден шыққандардың 27%-ы қайта қылмыс жасайды, ал пробация қызметiне тiркелгендердің 0,5 пайызы ғана екінші қайтара қылмысқа барады.

«Былтыр 1 желтоқсаннан 15 желтоқсанға дейiн елiмiзде 16 мың адам түрмеден босап шықты. Сол 16 мыңның 11 мыңы пробация қызметiне барып тiркелдi, кейін барлығы жұмысқа орналасты. Ал сотталған 5 мың азамат өз жазасын толық өтеп шықты. Жалпы, түрмеден шыққандардың 27 пайызы қайта қылмыс жасаса, пробацияда тұрғандардың 0,5 пайызы ғана екінші қайтара қылмыс жасайды. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Ұлыбританияда сотталғандардың 45 пайызы қайта қылмыс жолына түседi», - дейдi М.Аюбаев.

Оның айтуынша, бүгiнгi стратегиялық жобаның мақсаты – қылмыстық-атқару жүйесi мекемелерiнде жазасын өтеп шыққандарға, бiрiншiден,  үй-жайын қарастыру, екiншiден, жұмыспен қамтамасыз ету, үшiншiден, асқынған аурулары бар азаматтардың денсаулығын арнайы мекемелермен бiрге қадағалау. Қазақстанда  сотталғандарды  туған-туыстарымен  интерактивті  байланыстыру мүмкіндігі жоспарлануда

«Бiзде пробация қызметi, әлеуметтiк орган қызметкерлерi бар. Олардың мақсаты – сотталып шыққан адамдардың қайтадан қылмысқа баруына жол бермеу, соның алдын алу», - дедi М.Аюбаев.

Пробация қызметiнiң мақсаты – шартты түрде бас бостандығы шектелген және шартты түрде босатылғандар мен сот қаулысымен әкімшілік қадағалау орнатылған азаматтарға әлеуметтік- құқықтық қызмет көрсету. Еліміздегі қылмыстық саясат тұжырымдамасының негізгі бағыттарының бірі – істі болған жандарды бас бостандығынан айырмай жазаға тарту болса, пробация осы бағытқа дәл келеді. Жалпы, пробация сөзі, қазақшаға аударғанда «сынау, байқау» дегенді білдіреді екен. Яғни сынаудың негізі – адамның қылмыс жасағанына қарамастан, оның түрмеге отырмауына мүмкіндік беру.

Ол үшін қылмысқа барған адам сот міндеттеген шарттардың бәрін орындауы керек. Осылайша, байқаусызда сүрінген жандар болса, оларды түрмеге тықпай, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, сол мәселерін шешуге ықпал жасайды. Пробация қызметінің негізгі бағыттары қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаларға сотталғандарға білім алып, кәсіп меңгеріп, жұмысқа орналасуына ықпал жасап, ауырып қалса, дәрігерлік көмек көрсетуді қамтамасыз ету болып табылады.

Әлеуметтік-құқықтық көмек әрқайсысының қажеттілігіне байланысты көрсетіледі. Пробациялық қызметке жергілікті атқарушы органдар, үкіметтік емес ұйымдар жәрдемдеседі.  Аталмыш қызметке деген қажеттіліктің туындау себебі, пробация қызметіне қарайтындардың көбісі – шартты түрде сынақ мерзіміне және бас бостандығын шектеу жазасына сотталғандар. Олар пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруға міндетті. Сондай-ақ қала аумағынан шықса немесе тұрғылықты мекен-жайын ауыстырса, пробациялық қызмет өкілдеріне міндетті түрде хабарлауы қажет. Пробация қызметкерлерінің әрекеті заңға қайшы болса, онда ҚР заңдарына сүйене отырып, шағым түсіре алады.

Атап өтсек, бүгiн ҚР Ішкі істер министрлігі құзырлы мемлекеттік органдармен бірігіп, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылып, пробация қызметінде есепте тұрғандарды әлеуметтік оңалтудың кешенді стратегиясының жобасын таныстырды. 

 

Барлық жаңалықтар