- Басты
- Жаңалықтар
- G20: ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қытайға барған сапарының қорытындысы
G20: ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қытайға барған сапарының қорытындысы
«Әлемдік экономиканың, сауда мен капитал қозғалысының өсу қарқыны баяулап келеді. Ол миллиондаған адамның әл-ауқатына әсер етеді. Дүниежүзілік сауда ұйымының рөлі төмендеуіне және әлемдік экономиканың фрагменттелуіне алып келетін трансқұрылықтық жаңа сауда-инвестиция бірлестіктері құрылуда. Бұл үдерістер жаһандық экономикадағы ықпал аймағы үшін күрестің жаңа кезеңінің басы болуы мүмкін», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі күрделі кезеңде Қазақстанның индустрияландыру және инвестициялар тарту бағытында уақтылы күш-жігер жұмсағанын айтып, оның қайтарымды болатынына сенім білдірді.
«Қазір жұмыссыздықтың төменгі деңгейін сақтап, жаңа жұмыс орындарын ашуды ойластыру қажет, дағдарыспен күрестен экономикалық өсімге қадам басу керек. Біз 9 қыркүйекте өтетін Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы туралы айтатын боламыз», – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті саммитпен қатар оның ҚХР-ға жұмыс сапары болып өткенін еске салды. Осыған байланысты Нұрсұлтан Назарбаев біздің еліміз көтерген екіжақты қарым-қатынастың барлық мәселесіне Қытай тарапы қызығушылық пен мүдделілік білдіріп отырғанын айтты.
«Біз бұған дейінгі уағдаластықтың барлық мәселесі бойынша, мәселен, Қазақстан аумағында бірлескен заманауи кәсіпорын салуға қатысты келісімге келдік. Бұл тізімге 51 нысан кіреді, бүгінде оның екеуі салынды, жалпы құны 2,5 млрд доллар болатын төрт нысанның құрылысы биыл аяқталады. Бес жылдың ішінде жалпы құны 26 млрд доллар болатын 5 кәсіпорын салу жоспарлануда. Бұдан бөлек, осы жұмысты қолдау үшін компаниялар арасында да, мемлекеттер арасында да бірлескен Қазақстан-Қытай қоры жұмыс істейді. Жібек жолын дамыту қорын да мысалға келтіруге болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік-коммуникация байланысы екіжақты күн тәртібіндегі басты мәселенің бірі болып қала беретінін айтты.
«Жыл сайын Қазақстан мен Қытай аумағынан өтетін жүк транзиті көлемінің артып келе жатқаны байқалуда. Ақтау портын пайдалану айтарлықтай жанданды, осыған дейін олай болмаған еді. Бұл жағдай Қорғас құрғақ портының, ұзындығы 300 шақырымға жететін Қорғас-Алматы теміржолының және Батыс Еуропа – Батыс Қытай торабының құрылысына байланысты болып отыр. Логистикалық орталықтар құрылды. Бұл көлік тораптары өсім нүктесі болып саналады. Сондай-ақ, біз энергетика және технология салаларындағы ынтымақтастық туралы уағдаластық», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев аса ірі кен орны – Қашағанның іске қосылуына байланысты Қазақстан мұнайын жеткізу мүмкіндігі артатынын атап өтті.
«Қазіргі уақытта біз ҚХР-ға 7 млн тоннаға жуық мұнай жеткіземіз, бұл көрсеткішті 20 млн тоннаға дейін арттыруға, сондай-ақ Қазақстаннан Қытайға газ жеткізу көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Осының бәрі елдеріміз арасындағы тауар айналымын жаңа деңгейге көтереді», – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Қазақстан мен Қытайдың ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимылына егжей-тегжейлі тоқталды.
«Алғаш рет Қытайға азық-түлік бидайын, басқа да дәнді-дақылдарды, асбұршақтар мен майлы дақылдар түрлерін, сондай-ақ ет пен құс жеткізу туралы келісімге келдік. Бұған дейін бізде мұндай болмаған еді. Осылайша, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріміз үшін жол ашылып отыр. Меніңше, бұл – қуанышты жағдай. Сонымен бірге, Қытай тарапының тауар мен фитосанитарлық сапа жөнінде қатаң талаптары бар. Біздің шаруалар соған дайын болуға тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қол жеткен уағдаластықтардың нақтылануына назар аударып, екі ел үкіметтерінің оны іске асыру үшін тиісті жұмыс жүргізу керек екенін атап өтті.
«Жақын арада Мемлекеттік Кеңестің төрағасы Ли Кэцян Қазақстанға сапармен келеді деп жоспарлануда. Келіссөздер барысында елдеріміз бірлесе шешетін мәселелерді қосымша талқылайтын боламыз», – деді Қазақстан Президенті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы Үкіметтері арасында 2004 жылғы 17 мамырдағы Қазақстан Республикасы-Қытай Халық Республикасы ынтымақтастығы бойынша комитет құру туралы келісімге өзгертулер енгізу құжаты қабылданды.
Сондай-ақ, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев пен ҚР Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Қазақстандағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан қытайлық жетекші компания өкілдерімен кездесті.
Жобалар инвестициялық ынтымақтастық бағдарламасы аясында іске асатын болады. Айталық, жалпы сомасы 20 млрд. АҚШ долларынан асатын 51 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Аталмыш бағдарлама өндірістің өңдеу секторына жаңа технология трансферттеу, қазақстандық жұмыс орындарын құру мен ҚХР-на дайын өнім экспорттауға бағытталған.
Дөңгелек үстел барысында инвесторларға инвестициялық климаттың жақсарғаны мен мемлекеттің инвестицияны қолдау шаралары бойынша қабылданған қадамдары таныстырылды.
Өз кезегінде қытайлық компаниялар жобаларды жүзеге асыру жоспарларымен таныстырып, Қазақстанның инвестициялық климатына жоғары баға берді.
Сонымен қатар, дөңгедек үстел аясында «KazakhstanPetrochemicalIndustriesInc» ЖШС мен Қытайдың Мемлекеттік Даму Банкі арасында жалпы сомасы 2 млрд. АҚШ доллары болатын құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «Zhejiang JUMORE E-CommerceCo, Ltd» компаниясы арасында өзара түсіністік меморандумына және ҚР «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Шанхай қаласының халықаралық сауданы дамытуға жәрдемдесу жөніндегі Комитеті арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Жоғарыдағы қол қойылған құжаттар Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі ынтымақтастықты айғақтайды.
Саммит аясында өзге елдер мен делегация басшыларымен бірқатар кездесулер болып өтті. Кездесулер аясында өзара қызығушылық тудыратын пікір алмасу болып өтті. Айта кетерлігі, жақын арада Қазақстанға Мемлекеттік кеңес төрағасы Ли Кэцянның сапары күтілуде. Оның сапары аясында елдердің бірлесіп шешуі қажет мәселелер талқыланады.
Ботагөз Айтжанова
-
30 жыл: ҚР машина жасау саласы қандай жетістіктерге жетті -
Шетелдік сарапшы: “Елбасы мен ел президентінің съезді өткізудегі еңбегін жоғары бағалаймын” -
ҚР-дағы жұмыс күшінің саны 2050 жылға қарай шамамен 11,4 млн адамды құрайды -
ҚР энергетика саласы: Мұнай-газ саласы, жер қойнауын пайдалану және электр энергетикасы -
ҚР экологиясы: Ауаның ластануы, қоқыс жағатын зауыттар мен су мәселесі -
ҚР экономикасы: Бес айда не өзгерді -
АҚДМ қорытындысы: Азаматтық қоғам, ҮЕҰ-нің жұмысы, жастар мен қандастар мәселесі -
ТЖМ: шомылу маусымы, Риддердегі өрт пен Алматыдағы жер сілкінісінің алдын алу -
Мәжіліс отырысы: қашықтан жұмыс істеу, фeльдъeгepлік байланыс және жер қатынастары туралы Заңдар -
ҚР экономикасы: ЖІӨ, инвестиция, сыртқы сауда және экономикалық белсенділікті ынталандыру шаралары -
ҚР Энергетикасы: Электронды аукцион мен өткізу процесін жетілдіру және цифрланатын жобалар -
ҚР Денсаулық сақтау жүйесі: көлік медицинасы, дәрігерлер жалақысы, ана өлімі, пандемиямен күрес шаралары -
Мәжіліс отырысы: әлеуметтік кәсіпкерлік, «Ashyq» қосымшасының кемшіліктері, қандастардың ҰБТ тапсыруы -
ҚР Ұлттық ұланы қандай қызмет атқарады -
ҚР Денсаулық сақтау министрі Цой мен вице-министр Шоранов QAZVAC салдырды