• Басты
  • Жаңалықтар
  • М. Құл-Мұхаммед: Батыс Қазақстанда агробизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған (ФОТО)

М. Құл-Мұхаммед: Батыс Қазақстанда агробизнесті дамытуға барлық жағдай жасалған (ФОТО)

5 Қыркүйек, 2016 19:54
Мұхтар Құл-Мұхаммед жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысына келді. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары өңірде маңызды мемлекеттік бағдарламалардың іске асу барысымен танысты, деп хабарлады өңір әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мемлекеттің қолдауымен ісі өрге басқан қос шаруа қожалығында және жиһаз фабрикасында болып, еңбек ұжымымен кездесті. Президенттік бағдарламамен бой көтерген баспана құрылысын тексеріп, Батыс аймағындағы белсенді партия мүшелелерінің алдына болашақта жасалуы тиіс жұмыстардың басым бағыттарын айқындап берді.

2016 жылы Батыс Қазақстан облысында агробизнесті дамытуға республикалық бюджеттен 7 миллиард теңге бөлінген. Мұхтар Абрарұлы мемлекеттің қомақты қаржы жұмсауының тиімділігін «Матевосян» және «Шканов» шаруа қожалығының мысалында бағалай алды.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары ҚХР-да өтіп жатқан G20 саммиті барысында Мемлекет басшысы әлемнің алпауыт елдерінің көшбасшыларымен кездесіп, Қазақстанға миллиардтаған инвестиция тарту бойынша келісімге қолжеткізгенін атап өтті. «Қытай елінің көшбасшысы қол қойған тек 4 келісім бойынша біздің елге қомақты қаржы тартылады. Осы қаржының барлығы елдің дамуына бағытталады. Бұдан бөлек, жыл сайын бизнесті қаржыландыруға бірқатар бағдарламалар аясында қомақты қаржы бөлінуде. Батыс Қазақстан өңірі агробизнесті дамытуға тамаша мүмкіндіктерге ие»,- деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.

«Бұл өңірдің жері құнарлы. Қараңыздар, тек бір қожалықтың егістік алқабында бірден - бидай, күнбағыс, көкөніс және тағы да басқа дәнді-дақылдар өсуде. Астық алқабының әр гектарынан 50 центнер бидай жиналады. Бұл абсолюттік рекорд. Аймақтың аумағы бойынша суы мол, арнасы кең Жайық өзені ағуда. Сондай-ақ, өңірде қолжетімді электр қуаты, арзан көгілдір отын бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен  егін және мал шаруашылығының барлық саласына қомақты субсидиялар бөлінуде. Іргесінде өнімді өткізетін үлкен нарық – ешқандай кедендік кедергілер жоқ Ресей елі тұр. Тек қана ерінбей, жеңді түре іске сыбана кірісу керек», - деді Мұхтар Құл-Мұхаммед шаруалармен өткен кездесу барысында.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары облыстың дамуына өлшеусіз үлес қосып отырған маңызды бағыттардың бірі «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының іске асу барысымен танысты. Аталмыш бағдарлама аясында өткен жылы Орал қаласында жиһаз фабрикасы іске қосылған. Жобаға миллиардттан астам қаржы жұмсалған. Қазіргі күні қарқынды жұмысқа кіріскен кәсіпорын 14 мың бірлік жиһаз өндірген.

Кәсіпорынның еңбек ұжымымен өткен кездесуде Мұхтар Құл-Мұхаммед аймақта бизнес-бастамаларды жандандыру қажеттігіне тоқталды.

«Елімізде 2010 жылдан бастап президенттік «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы табысты жүзеге асып келеді. Республика бойынша жалпы құны бір жарым триллион теңгені құрайтын 8,5 мыңнан астам жоба іске қосылған. 10 жыл бұрын Қазақстанның барлық бюджет көлемі осы соммаға пара-пар болатын. Осы фабрика «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының арқасында салынған. Елімізде бизнесті ашу және дамытуға арналған бірегей мүмкіндіктерді пайдалану қажет. Бизнес ашыңыздар, өздеріңіз және жерлестеріңіз үшін ақша табыңыздар», - деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Батыс Қазақстан облысында «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында баспана құрылысы қарқын алған. Мұхтар Құл-Мұхаммед Арман шағын ауданында жақын арада пайдалануға берілуі тиіс 144 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс сапасын тексерді.

«Жаһандық экономикалық дағдарыстың басында қабылданған президенттік «Нұрлы Жол» бағдарламасы - әлемде теңдесі жоқ бағдарлама.  Соңғы екі жылда бағдарламаның жүзеге асуына 1,5 триллион теңге бөлінген. Қомақты қаржы жаңа зауыт, фабрика, автокөлік және теміржол жолдарының құрылысына және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға жұмсалған. Бұл тұрғын үйде президенттік бағдарлама аясында бой көтерген. Жергілікті партия ұйымының басты мақсаты – бөлінген қаржының уақытылы әрі сапалы игерілуін қадағалау», - деп баса айтты партия Төрағасының Бірінші орынбасары жұмыс сапарының қорытындысы бойынша.

Барлық жаңалықтар