Елбасы G20 саммиті аясында делегация басшыларымен 20 кездесу өткізді

5 Қыркүйек, 2016 09:13
Елбасы «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы Джек Мамен кездесті, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында компаниямен ынтымақтастықты дамыту және оның Қазақстандағы қызметі аясын кеңейту перспективалары, соның ішінде электронды коммерция мен төлем жүйелерін интеграциялау саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы біздің ел Қытайдағы электронды сауда саласының үздігі болып саналатын және сол бағытта зор жетістікке жеткен «Alibaba Group» қызметінің тәжірибесін зерттеуге мүдделі екенін атап өтті.

«Мен сіздің компаниямен серіктестікті қолдаймын. Біздің ұлттық компаниямыз – «Қазпоштаның» «Alibaba Group» компаниясымен өзара тиімді іс-қимыл жасауға барлық мүмкіндігі бар. Жалпы, сіздердің компанияларыңыз тәрізді кәсіпорындар әлемдік экономиканың орнықты дамуы мен тұрақтылықтың факторы болып саналады. Әлемді саяси фрагментациялау, шекараларды жабу және өзара санкция салу белең алған қазіргідей жағдайда сіздер бұл кедергілерді табысты еңсеріп, халықаралық сауданың дамуына ықпал етіп отырсыздар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Д.Ма Қазақстанда компанияның бастамаларына қолдау көрсетіліп отырғаны үшін алғыс айтып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарлары туралы айтып берді. Сондай-ақ, «Alibaba Group» директорлар кеңесінің төрағасы елімізбен серіктестік қарым-қатынастың одан әрі дами беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан мен Канада арасындағы ынтымақтастықтың сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалар тәрізді басты бағыттарына қатысты пікір алмасылды.

Бұдан бөлек, халықаралық дамудың көптеген мәселелері бойынша ұстанымның ортақтығы, сондай-ақ түрлі салаларда, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында екіжақты өзара іс-қимылды нығайту үшін зор әлеует бар екені айтылды.

Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев Д.Трюдоны Астанаға сапармен келуге шақырды.

 

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар