• Басты
  • Жаңалықтар
  • А.Мырзахметов Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер бойынша кеңес өткізді

А.Мырзахметов Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер бойынша кеңес өткізді

2 Қыркүйек, 2016 17:13
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтың төрағалығымен өңірлердің ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерін талқылауға арналған селекторлық режимдегі отырыс кезегі Қарағанды облысына келіп жетті, деп хабарлады АШМ.

Жаңа форматтағы бұл үрдіс Жамбыл облысының мәселелерін талқылаудан басталған болатын. Яғни, еліміздің барлық өңірлерінен агроөнеркәсіптік кешеннің көкейкесті проблемалық мәселелері жинақталып, олардың негізінде арнайы кесте түзілді. Қазіргі таңда сол реттілікке сәйкес бейнеконференциялық байланыс арқылы мүдделі тараптардың қатысуымен әр аймақтың агросаладағы түйткілдері жеке дара қаралуда.

Бұған дейін атап өтілгендей, бұл шаралардың басты мақсаты – мәселелерді көтеріп қана қоймай, нақты шешімдер қабылдау және Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақтық атқарушы органдар арасында тиімді қарым-қатынас жүйесін қалыптастыру болып табылады.

Қарағанды облысы бойынша өткізілген бас қосуда осы міндеттердің аясында аймақтың күн тәртібіндегі өңірлерді мамандандыру схемасының қолданыстан алынуы, өтінімдерді аудандарға тапсыру, қой мен ешкі етіне сұраныстың аздығы мен оны өткізудің қиындығы, кепілдік және ауыл шаруашылық кооперативтерін дамыту мәселелері талқыға түсті.

Қарағандылықтардың хабарлауынша, «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты түрлерін өндіру үшін ауыл шаруашылығы жерлерін оңтайлы пайдалану бойынша өңірлерді мамандандырудың ұсынылатын схемасы» қолданыстан алынуы керек. Бұл схема ауыл шаруашылығы тауар өндірушілердің нарық сұранысына қажетті дақылдар өндіруіне мүмкіндік бермейді және де 2014 жылдан бері қолданыстағы қағидаға енгізілген өзгерістер ұсақ және орта шаруашылықтарға қолайсыз.

Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өтінімді аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдеріне тапсыруын міндеттеу бойынша қағидаға өзгеріс енгізген жөн.

Бұл орайда, ҚР АШМ өкілдері мамандандыру схемасына қосымша өлшемдер бойынша нақты ақпараттардың қажеттілігін атай отырып, аталмыш мәселені бірлесіп талқылауды ұйымдастыруға дайын екендіктерін жеткізді. Ал, шешімді шығару үшін өтінімдерді аудандық ауыл шаруашылық бөлімдерінде қабылдау мәселесі қағидалар редакциясында ескерілетін болды.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы саласының ағымдағы жай-күйі мен проблемалық мәселелеріне арналған отырыстар тізбегі алдағы уақытта барлық өңірлерді қамтиды.  


 

Барлық жаңалықтар