• Басты
  • Астанада Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді

Астанада Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді

2 Қыркүйек, 2016 19:32
Биыл қыркүйектің 10 мен 17 аралығында Астанада ІІІ Халықаралық балет әртістерінің конкурсы өтеді. Конкурстың құрылтайшысы әрі ұйымдастырушысы, соңғы жылдары Қазақстанның хореография өнерін дамытуға зор үлес қосып келе жатқан «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жеке қоры.

 ІІІ Халықаралық балет әртістері конкурсының Бас серіктесі – Ұлт көшбасшысы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Қоры. 

Шығармашылық сайыстың негізгі мақсат-міндеті – хореография өнерін дәріптеу; классикалық балет дәстүрін сақтау және дамыту; дарынды жас әртістерді анықтап, ынталандыру; Қазақстанның мәдени имиджін өсіру.

 «Конкурстар қоғам мүшелері мен әртістердің көңілін белгілі бір өнер түріне бұрып, нәтижесінде осы саладағы мол жетістіктерге куә боламыз. Біздің конкурс та осындай нәтиже әкелетініне сенеміз. Сөз жоқ, конкурстың тағы бір қыры – еліміздің мәдени имиджін асқақтату, себебі, конкурсқа дүние жүзінің әртістері жиналады» - деп есептейді, қордың атқарушы директоры және конкурстың ұйымдастыру комитетінің төрайымы Әсел Құрманбаева.

 Конкурсқа 17 мен 25 жас аралығындағы Қазақстанның, Ресейдің, Орта Азияның, Еуропа мен Жапонияның әртістері қатысады. Бұған дейінгі екі конкурс Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігінің қолдауымен өтті. Бірінші конкурс 2006, ал, екінші конкурс 2009 жылы өтіп, оған Болгария, Ресей, Украина, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан өкілдері қатысты. Биылғы конкурстың географиясы біршама кеңейді. 

Конкурстың жүлде қорында әйелдер мен ерлер арасында жеке дара гран-при, бірінші, екінші, үшінші орын және бірнеше ынталандыру жүлдесі бар: үздік дуэт, «Үкілі үміт», заманауи хореографияны үздік орындағаны үшін және т.б.

 Қазылар алқасының төрайымы – ХХ ғасыр балетінің аңызына айналған, Мариинский театрының этуалі, қазіргі кезде «Астана Опера» театры балетінің көркемдік жетекшісі, Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова. Ол конкурсқа қатысушыларға үндеуінде былай деп еді: «Конкурс – толқумен қатар, үлкен мереке! Би мерекесі, жаңашылдықтың, жастықтың мерекесі! Конкурсқа қатысушылардың өнерін тамашалауға асықпыз. Жандарыңды салып, шабыттана билеңдер!».

 Астанадағы III Халықаралық балет әртістерінің конкурсы оған қатысушылар үшін ғана емес, осы өнерді сүйетін қауым үшін, Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жарқын оқиға, нағыз би мерекесіне айналары сөзсіз.

 

 

Барлық жаңалықтар