• Басты
  • Жаңалықтар
  • Солтүстiк Қазақстан облысында үш ауысымды оқыту мәселесi шешiлдi – әкімдік

Солтүстiк Қазақстан облысында үш ауысымды оқыту мәселесi шешiлдi – әкімдік

2 Қыркүйек, 2016 11:47
Солтүстiк Қазақстан облысында бiрден екi мектептiң ашылуы өңiрде үш ауысыммен оқыту мәселесiн толығымен шештi, деп хабарлады СҚО әкімдігі.

Тайынша ауданының Тайынша қаласындағы және Ғабит Мүсiрепов атындағы ауданының Новоишим селосындағы 300 орынды екi мектеп «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту мемлекеттiк бағдарламасы шеңберiнде тұрғызылды.

Төрт жүз орынға арналған Новоишим қазақ орта мектебiнiң ашылу салтанатына өңiр басшысы Ерiк Сұлтанов қатысты. Облыс әкiмi бүгiнгi айтулы мерекемен оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтады.

«Жаңа оқу ғимараты оқушыларын ел Тәуелсiздiгiнiң 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында қабылдап отыр. Мен барлық мердiгер ұйымдар мен құрылысшыларға аз уақыт iшiнде осындай мектептi салып бiтiргендерi үшiн алғысымды бiлдiремiн. Бұл мектептiң құрылысын аяқтау аудандағы үш ауысымды оқыту мәселесiн шештi. Жаңа мектептiң оқушылары мен ұстаздарының жетiстiктерi мен жеңiстерi көп болады деп сенемiн», — дедi Ерiк Хамзаұлы.

Мектептiң ашылу салтанатында Ерiк Сұлтанов әрбiр бiрiншi сынып оқушысына Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың атынан «Менiң Отаным — Қазақстан» кiтабын сыйлады, сондай-ақ мектеп-интернаттың директоры Сәрсенгүл Сүйесiноваға «Газель» автокөлiгiнiң кiлтiн табыстады. Бүгiн бұл оқу ордасында алғашқы қоңырау бiрiншi рет 35 оқушы үшiн сыңғырласа, даярлық тобында 30 бала оқитын болады.

«Бүгiн бiрiншi сыныпқа немеремдi алып келдiм. 11 жыл бұрын бiз Өзбекстаннан көшiп келдiк. Менiң 10 немерем бар. Бұрын балалар Бескөл ауылына автобус арқылы қатынап оқитын. Алыс болған соң қыста қатты алаңдайтын едiк. Осы сияқты қуанышты күндер көп болсын», — дедi Пердегүл Ибрагимова.

Мектептiң ашылуымен ауылда жаңа жұмыс орындары пайда болды. Мұғалiмдер құрамы 53 адамнан тұрады. Олардың арасында жас мамандар да бар.

«Мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiн информатика пәнiнiң мұғалiмi мамандығы бойынша тәмамдадым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы осы мектепке жұмыс iстеуге келдiм. Маған бұл мектеп ұнады, барлық кабинеттер толық жабдықталып, интернет қосылған», — дедi Сәкен Құсаинов.

СҚО-ның мектептерiнде 72803 оқушы оқиды, олардың 8582-i үшiн бүгiн алғаш рет алғашқы қоңырау соғылды.

 

Барлық жаңалықтар