• Басты
  • Жаңалықтар
  • Ақсу құс фабрикасы жыл соңына дейін 1 мың тонна мұздатылған тауық етін шығарады

Ақсу құс фабрикасы жыл соңына дейін 1 мың тонна мұздатылған тауық етін шығарады

1 Қыркүйек, 2016 15:56
Павлодар облысы әкімдігінің кеңейтілген отырысында моноқалаларды дамыту мәселесі талқыланды, деп хабарлады облыс әкімдігі.

Жиналыс барысында Екібастұз қаласындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС бір айдан кейін жоспарлы жұмыс тәртібіне шығып, ал Ақсу ауылдық аймағындағы «Қызылжар-Құс» тауық фабрикасы жыл соңына дейін бір мың тонна мұздатылған тауық етін шығаратыны мәлім болды.    

Ресми деректерге сәйкес 2016 жылы Павлодар облысындағы моноқалаларды дамытуға 83,3 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражаттың басым бөлігі жергілікті және республикалық бюджеттің қаржысы болса, қалғаны  жергілікті кәсіпорындардың өз қаржысы. Екібастұз және Ақсу қалалары қазақстандық 27 моноқаланың ішінде көш бастап тұрса да, жоспарлы көрсеткіштердің  бәріне бірдей қол жеткізілген жоқ.

«Екібастұз қаласында жылу және электр желілерін жаңғырту жоспары 1,6 пайыз болса, оның тек 1 пайызы ғана, ал Ақсу қаласында орталықтандырылған су жүйесімен қамтудың жоспарлы көрсеткіштері 88 пайыз болса, ол тек 72,2 пайызға ғана орындалған», - деп атап өтті экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы  Мақсат Тұрлыбаев.

2017 жылға белгіленген жылу және электр жүйелерінің тозуын баяулату, негізгі капиталға құйылатын инвестиция көлемін ұлғайту, жұмыссыздық деңгейін төмендету секілді индикаторлардың орындалуы баяу жүріп жатыр.

Кеңейтілген отырыста моноқалалардың басшылары есеп берді. Екібастұз қаласының басшысы Қайрат Нүкенов қаладағы шешімін таппаған күрделі мәселе ретінде «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-ің жұмысын қалыпқа келтіруді айтты.

«Қазіргі кезде «ҚВК» ЖШС өндірісін Қазақстанның даму банкі арқылы лизингтік қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапты», - деді ол.

Акционерлердің арасында өндірісті іске қосу механизмдерін бөлу жұмысы қолға алынды. Яғни, борышкерлермен келіссөздер жүргізу, шоттарды бұғаттаудан шығару, салықтық төлемдерді аудару, жұмысшылардың жалақысы бойынша берешекті өтеу секілді жұмыстар жүріп жатыр. Қыркүйек айының соңына қарай кәсіпорынның жоспарлы жұмыс тәртібіне көшуі көзделіп отыр.

Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов ауылдық аймақта орналасқан «Қызылжар-Құс» фабрикасында өткен жаңғырту жұмыстарының қорытындысы туралы айтып берді. Жылдың соңына дейін кәсіпорын бір мың тоннаға жуық өнім шығаруды, ал келесі жылы толық қуаттылық деңгейіне шығып, 1 жыл ішінде 8 мың тонна  өнім шығаруды көздеп отыр.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов моноқалаларда экономиканы диверсификациялауға бағытталған шағын және орта бизнес саласындағы жаңа жобалардың қолға алынбай жатқанына алаңдатушылық танытты. Ол моноқалалардың әкімдеріне жылу және электр жүйелерінің тозуын төмендету, сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша жұмысты күшейтуге тапсырма берді. 

 

 

 

Барлық жаңалықтар