Астанада «Елбасы жолы» киноэпопеясының тұсаукесері өтті

1 Желтоқсан, 2013 15:36
Бүгін Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолына арналған «Елбасы жолы» атты киноэпопеяның тұсаукесері өтті, деп хабарлайды BNews.kz .

««Елбасы жолы» киноэпепеясы осыдан 2 жыл бұрын жарыққа шыққа «Балалық шағымның аспаны» фильмінің жалғасы болып табылады. Ол «От өзен» және «Темір тау» деген екі фильмнен құралған», - делінген хабарламада.

«Осы кино 1,5 жыл уақыт бойы түсірілді. Елбасының өмірбаянының ізімен жүріп 58 жылдан бастап 68-ші жылға дейінгі 10 жыл аралығын 1,5 жылда достарыммен, шығармашылық тобыммен тоқтамай күні-түні түсірдік. 2 толықметражды фильм дүниеге келді», - деді киноэпопея режиссері Рүстем Әбдірашев тұсаукесер барысында. 

Оның айтуынша, киноэпопея түсіріліміне 100-ден астам әртіс жұмылдырылған. Олардың қатарында Бибігүл Төлегенова, Нұржұман Ихтымбаев, Нұрлан Әлімжанов, Мәдина Есманова, Наталья Аринбасарова, Айдос Бектеміров бар. 

«Елбасымыздың жүріп өткен жолы кім-кімге болсын қызық, әсіресе біздің өсіп келе жатқан ұрпақтарымызға, мектептегі жастарға кітаптан оқығаннан гөрі теледидардан тамашалау әсерлі болып шығады. Әрине, әдебиет пен кітап бірінші орында, дегенмен заман сондай. Бұл еліміз бен жастарымызға керек. Бұл фильмді түсіру барысында біз үлкен жауапкершілікті сезіндік», - деді Н.Назарбаевтың жастық шағын фильмде сомдаған Нұрлан Әлімжанов.

Фильмнің сценарийін Шахимардан Құсайынов пен Рүстем Әбдірашов бірлесіп жазған. 

«Киноэпопеяның жалғасы болады. Бұл екі картина билік шыңына дейінгі Елбасының жолын баяндайды», - деп түсіндіріп өтті фильм режиссері.

 

 

 

Барлық жаңалықтар