Алматыда 120 жас отбасы пәтер кілтін алды

19 Тамыз, 2016 12:06
Алматыда 120 жас отбасы Алатау ауданы «Саялы» шағын ауданында орналасқан жаңа пәтердің кілтін алды. Жаңа пәтердің иегерлері «Жас отбасы» бағыты бойынша кезекке тұрғандар болды.

Әкімдікте хабарлағандай, биыл 3 мың пәтер салынып, кезекке тұрғандар арасында бөлінетін болады. Бұл дегеніміз, ағымдағы жылы кезекке тұрған 25 мың азаматтың 12 пайызы тұрғын үй алады.

Үй «Қолжетімді тұрғын үй» мембағдарламасы аясында құрылған және жалпы аталмыш бағдарлама аясында «Саялы» шағын ауданында 15,3 млрд теңгенің 65 тұрғын үйінің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 3 үй пайдалануға беріледі.

Әкімдікте айтып өткендей, «Нұрлы жол» мембағдарламасын іске асыру аясында «Жас Қанат» шағын ауданында 12 тұрғын үй салынды – ол жерде 760 пәтер бар. Сонымен қатар, биыл «Саялы» және «Жас Қанат» шағын аудандарында 834 пәтері бар 13 тұрғын үй салынатын болады.

«Мемлекет басшысының шешіміне орай, 10 мың жұмыс орнын құратын 56,1 млрд теңгенің қолжетімді баспанасының құрылысына қаражат бөлінді. Тағы 1700 пәтерді азаматтарға Қазақстандық ипотекалық компания арқылы іске асыру жоспарланған»,-деп хабарламада айтылған.

Келесі жылы 6 мың отбасыға немесе кезекке тұрғандардың 24 пайызына пәтер беру жоспарланған.

Барлық жаңалықтар