Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 42 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті

18 Тамыз, 2016 09:02
Жамбыл облысында жаңа оқу жылында 42 білім нысаны күрделі жөндеуден өтті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Бекбатырова Жәмила Елеуқызы айтты.

Биыл Жамбыл облысының білім беру жүйесін дамытуға үлкен көңіл бөлініп отыр. Биылғы жылы облыстың білім мекемелерін қаржыландыруға – 90,2 млрд. теңге бөлінді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда  16,3%-ға артық. Облыста білім нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Тәуелсіздік алған жылдардан бері облыста 71 мектеп, 20 балабақша, 1 колледж, барлығы 92 білім нысаны салынып, пайдалануға берілді. Осы жылдар  ішінде  46 апатты,  8 үш ауысымды, 10  орын тапшылығы бар, 7 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептер мәселесі шешілді. Мемлекет басшысының 2014 жылғы «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес апатты және үш ауысымды мектептердің мәселелері  оң шешімін табуда. Ағымдағы жылы 19 білім нысанының құрылысын жүргізуге 6,4 млрд. теңге бөлінсе, оның ішінде 4 мектеп пен 3 балабақшаның құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры есебінен салынуда. Жаңа оқу жылына 6 мектеп пен 5 балабақшаның құрылысы осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі.  

Жыл басында апатты жағдайда тіркелген 11 мектептің 2-і жаңа құрылыс есебінен пайдалануға берілсе, 3 мектептің мәселесі 2017 жылы шешіледі, ал 6 мектептің мәселесі 2017-2018 жылдары кезең-кезеңімен шешіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар үш ауысымды мектептердің мәселесі де басты назарда.

Жаңа оқу жылында үш ауысымды 2 мектептің құрылысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Ұлттық қор есебінен беріледі. 1 мектептің құрылысы ағымдағы жылы Ұлттық қор есебінен басталып, 2017 жылы аяқталады. Қалған 2 мектептің жобалық сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Ағымдағы жылы 42 білім нысанын күрделі жөндеуден, 118 білім нысанын ағымдағы жөндеуден өткізуге 4 млрд 962  млн. 524 мың теңге бөлінді.

2015 жылы Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың 1-ші кезеңі аяқталып, бағдарламада көзделген 5 мақсатты индикатор мен 19 көрсеткішке қол жеткізілді.

Барлық жаңалықтар