• Басты
  • Жаңалықтар
  • ОҚО-дағы Машина жасау зауытының өніміне шетелдіктер қызығушылық танытуда – әкімдік

ОҚО-дағы Машина жасау зауытының өніміне шетелдіктер қызығушылық танытуда – әкімдік

16 Тамыз, 2016 14:36
ОҚО-ның Сайрам ауданындағы Машина жасау зауытының өніміне шетелдіктер қызығушылық танытуда, деп хабарлады облыс әкімдігі.

2016 жылдың 6 айында Сайрам  ауданының өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 7496,9 млн.теңгені құраса, оның ішінде машинажасау саласында өнім көлемі 662,8 млн.теңге. Бұл 2015 жылдың өнім көлемімен салыстырғанда 3 есеге артқан. Бүгінгі таңда өндірісте 180 адам еңбек етуде. Бюджетке төленген қаржы көлемі 1,7 млн.теңгені құрап отыр.

Ондағы су көтергіштер, су сорғыш станцалар және басқа да ауыл шаруашылығына қажетті машиналар кәсіпорыннан барлық Одақтас Республикаларға және басқа да Азия және Африка елдеріне жіберіліп отырылған.

90-шы жылдары тоқырауға түскен бұл зауыт кейіннен қанатын кеңге жайып, еңсесін көтере бастады. Күн сайын зауыт өніміне тапсырыс артып, шетелдіктер қызығушылық танытуда. 2014 жылы  Түркменстанға 250 дана су көтергіштер жіберілген.

Тапсырыстардың саны артқанда, кадрлардың жетіспеушілігін байқаған зауыт басшылығы  мамандар даярлайтын колледж ашып, өзіне қажетті кадрларды даярлай бастады. Оқыту жүйесі дуальды түрде, яғни партада көп отырғаннан гөрі, студенттерді өндірісте көп жүргізу. Білім алушыларға барлық жағдайы қарастырылған арнайы жатақхана ашылды. 2014 жылы бірінші бітірушілер бүгінгі таңда металл технологиясын игеріп, ресми түрде зауытта еңбек етіп, жаңа мамандармен тәжірибе алмасуда. Осы тұрғыда зауыт ұжымы жасаруда. 2015 жылы жұмысшылардың еңбек жалақысы да көтерілген.

Алдағы уақытта зауыт бәсекеге қабілеттігін арттыру үшін  тауардың түрлерін көбейтіп,  жаңа технологияларды ендіруді көздеп отыр.

 

 

 

 

Барлық жаңалықтар