Ақмола облысында аэрогеофизикалық зерттеу жүргізілуде

12 Тамыз, 2016 15:08
Ақмола облысында Көкшетау аэродромынан «КазГеотек» ЖШС компаниясының Сessna-208B ұшағы гаммоспектрометриялық тәсілмен аэрогеофизикалық зерттеу жүргізу үшін күнделікті ұшырылып жатыр, деп хабарлады ИДМ.

Бұл Қазақстан Республикасының территориясында жер қойнауын пайдалану саласындағы «Қазгеология» АҚ мен австралиялық  «Iluka International Limited» компаниясының бірлескен жобасын жүзеге асыру аясында жасалып жатқан шара. Аэрогеофизикалық зерттеу пайдалы қазбалар кенін іздеу мен терең геокарталау үшін белгілі таулы-рудалы аудандарды анықтауда және толық зерттелмеген аумақтарға геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде пайдаланылатын негізгі жұмыстардың бірі болып табылады.

Аэрогеофизикалық зерттеу үлкен аумақты қысқа мерзімде зерттеп, геологиялық және геофизикалық кешенді сараптама үшін жедел ақпарат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізгенде тәуекелдер мен шығындардың деңгейі төмен болады. Нәтижесінде минералды-шикізат базасын толықтыруға септігін тигізеді. Бүгінгі таңда бұл геологиялық барлау жүргізгендегі экономикалық ең тиімді және өндірістік жұмыс түрі болып тұр.

Бұдан бөлек, аэрогеофизикалық зерттеу нәтижелері шығыны көп жер бетіндегі геологиялық-физикалық және таулы-бұрғылау жұмыстарын оңтайландыруды қамтамасыз етеді.

 

 

Барлық жаңалықтар